Ел азаматтары күз-қыс айларында құрманы жиі тұтынып келеді. Бірақ көпшілік біле бермейтін бір жайт бар – осы тәтті әрі пайдалы жемістің шамадан тыс мөлшерде тұтынылуы денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дәрігер Мұрат Болатұлының айтуынша, құрма сияқты жемістердің құрамында танин деп аталатын илегіш заттар бар. Осы танин асқазанда жиналып, бірте-бірте безоар атты бөгде түзіліске айналады екен. Уақыт өте келе бұл түзіліс асқазан қуысын толық жауып, ас қорытуды қиындатады.
Қазақстандық дәрігерлер де безоардың пайда болуына қатысты жағдайлар сирек болса да кездесетінін айтады. Әсіресе күз-қыс мезгілінде құрманы қабығымен көп мөлшерде тұтынған азаматтар осындай шағыммен ауруханаға жиі жүгінеді екен.
Фитобезоар жеміс-жидек қабығынан пайда болатын түзілістің ең көп тараған түрі. Оның қалыптасу механизмі қарапайым, жемістің қабығы асқазанның шырышты қабатына жабысып, үстіне басқа тағам талшықтары қосылып, қатты «шарға» айналады. Бір қызығы, фитобезоарлар қатты болғаны сонша, оларды тек дәрігерлер арнайы құралдармен ғана алып шыға алады.
Қазақстандық гастроэнтерологтардың пікірінше, фитобезоардың пайда болу қаупі асқазан аурулары бар адамдарда жоғары. Әсіресе, асқазан қышқылы аз бөлінетін, хирургиялық операциядан кейін асқазаны дұрыс жұмыс істемейтін немесе гастропарезі бар адамдарда бұл қауіп күшейеді.
Жалпы алғанда, құрма, шиені, інжір сияқты жемістерді аз мөлшерде тұтыну қауіпсіз. «Мысалы, бір құрманы жегеннен ештеңе болмас. Бірақ аш қарынға немесе бірден бірнеше келі жемісті жеу өте қауіпті», – дейді Болат Мұратұлы.
Назарда ұстаңыз
Асқазанда безоардың пайда болғанын адам бірден сезбеуі мүмкін. Бірақ жиі асқазанның ауырлап, жүрек айнуы мен құсу белгілері пайда болса, тез арада дәрігерге қаралу қажет.
«Уақытылы емделмеген жағдайда, асқазанның ішіндегі бөгде зат шырышты қабықты зақымдап, жара мен қан кетуге, тіпті перитонит немесе сепсиске әкелуі мүмкін», – дейді дәрігер.
Безоарды емдеу оның көлемі мен қаттылығына байланысты жүргізіледі. Кішігірім безоарлар эндоскопиялық тәсілмен алынса, қатты әрі үлкендерін арнайы заттармен жұмсартып, содан кейін алып шығады.
Кей жағдайда дәрігерлер тіпті пепси-коланы да пайдаланады екен. Өйткені оның құрамындағы ортофосфор қышқылы қатты безоарды жұмсартып, шығаруды жеңілдетеді.
Сондықтан мамандар да күз-қыс мезгілінде құрма мен танинге бай жемістерді мөлшермен тұтынуға кеңес береді. Әсіресе, егде жастағы адамдар сақ болуы тиіс. «Асқазаны әлсіз, қышқылы төмен адамдарға мұндай жемістерді қабығымен көп мөлшерде тұтыну өте қауіпті. Сондықтан сақтық танытып, жемісті жақсылап шайнап, қабығын аршып жеген дұрыс», – дейді дәрігерлер.
Танымал New England Journal of Medicine ғылыми журналы ең пайдалы диеталардың жаңа рейтингін жариялады. Екінші жыл қатарынан DASH диетасы жүрек саулығын сақтау үшін ең тиімді әрі пайдалы диета ретінде танылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







