Соңғы уақытта Қазақстанда дұрыс тамақтануға қызығушылық артып келеді. Осы қызығушылықпен бірге нутрициолог курсын оқып алып, әлеуметтік желіде кеңес беретіндер де көбейген. Мұндай «сарапшылардың» кеңесіне сақтықпен қараған жөн, деп жазады Ertenmedia.kz.
Рационалды тамақтану жөніндегі клиникалық психолог Ержігіт Тоқтарұлының пікірінше, қазір сәнге айналған нутрициолог мамандығының нақты анықтамасы да жоқ. Медициналық білімі мен тәжірибесі жоқ адамдар диета және дұрыс тамақтану бойынша кеңес беріп, «суперфудтарды» белсенді насихаттауда.
Чиа тұқымы, годжи жидегі, спирулина, лактозасыз әрі глютенсіз тағамдар, өсімдік сүті сияқты өнімдер кәдімгі тағамнан әлдеқайда қымбат тұрады. Бірақ бұл өнімдердің ешқандай кереметі жоқ, дейді маман.
– Аталған өнімдерден алатын пайдаңыз өте аз. Егер сізде қандай да бір ерекше аллергиялық реакция немесе сирек кездесетін витамин тапшылығы болмаса, мұның бәрі тек қымбат бағада сатылатын қарапайым өнімдер ғана. Қазір осындай жалған ақпараттың көптігінен адамдар орторексияға жиі шалдығуда.
Бұл – тек пайдалы асқа деген тым жоғары қызығушылықтан туатын тамақтану бұзылысы. Мұндай адам «дұрыс емес» тағамдардан қорқып, өзі ұнататын өнімдерді жеуден бас тартады. Құрамында антибиотиктер, ГМО, трансмайлар бар деп, әдеттегі тағамнан бас тартамыз да, құрамы мен пайдасы ұқсас, бірақ бағасы қымбат өнімдерді тұтына бастаймыз, – дейді Ержігіт Тоқтарұлы.
Маманның айтуынша, соңғы уақытта дұрыс тамақтануға қатысты кеңестер көбейгенімен, тамақтану бұзылысы бар адамдар да азаймай тұр. Өйткені адам шын мәнінде жегісі келетін тағамнан саналы түрде бас тартады. Бұл кейін артық тамақтануға әкеп соғады.
– Мысалы, торт жеуді армандап тұрып, орнына кептірілген жемістерді жейміз. Ал олардың калориясы да аз емес. Нәтижесінде адам ешқандай ләззат алмай, керісінше салмақ қосып, көңілі толмай жүреді. «Бар нәрседен шектелемін, ештеңе жемеймін, бірақ нәтиже жоқ» деп өзін кінәлайды.
Тағам құрамындағы дәм күшейткіштерінен қорқып, дәмді тағамдардан бас тарту диеталық депрессия мен тамақтанудағы шектен тыс қаталдыққа алып келеді. Орторексияға шалдыққан адамдардың әлеуметтік ортаға бейімделуі қиын. Олар басқалардың өзінен өзгеше тамақтанғанын көргенде де күйзеліске түсіп, өздерін жайсыз сезінеді, – деп ескертеді психолог.
Танымал New England Journal of Medicine ғылыми журналы ең пайдалы диеталардың жаңа рейтингін жариялады. Екінші жыл қатарынан DASH диетасы жүрек саулығын сақтау үшін ең тиімді әрі пайдалы диета ретінде танылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







