Астанада қыс мезгілінен кейінгі тазалық жұмыстары қарқынды түрде басталды. Қазір елорданың барлық ауданында коммуналдық қызмет өкілдері қаланың сәні мен сәулетін қайта қалпына келтіріп, көшелер мен қоғамдық орындарды жаппай ретке келтіруде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Санитарлық тазалық шаралары қаланың инфрақұрылымдық нысандарын толық қамтып отыр. Жолдар мен тротуарлар жуылып, аялдамалар, қоршаулар, жарық бағаналары және жол белгілері тазалануда. Бұдан бөлек, тұрғындардың сүйікті демалыс орындары – саябақтар мен скверлерде де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Қала әкімдігінің дерегінше, Нұра ауданында тазалық жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Мұнда көпірлер мен жаяу жүргіншілер жолдары жуылып, қоғамдық орындар мұқият тазалануда. Сондай-ақ, ауданның көркін ашатын көгалдар мен гүлзарларға да ерекше көңіл бөлінуде.
Ал Байқоңыр ауданында тазалықпен қатар абаттандыру жұмыстары қызу жүруде. Балалар мен спорт алаңдары жөнделіп, қоқыс контейнерлері жаңартылуда. Аудан тұрғындары таза әрі жайлы аулада демалуы үшін барлық жағдай жасалуда.
Алматы ауданында жұмыс күшейтілген режимде өтуде. Мұнда күн сайын шамамен 300 жол жұмысшысы мен 250-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Көшелер мен жолдар жуылып, жасыл желек пен ағаштарға күтім көрсетілуде. Сонымен қатар, аялдамалар мен қоғамдық орындар толықтай тазартылып жатыр.

Есіл ауданында да көктемгі тазалық жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Қала тұрғындары жиі серуендейтін Дінмұхамед Қонаев көшесіндегі тас төсемелері жөнделіп, тіреу қабырғалары қалпына келтірілуде. Мұнда күніне 500-ден астам жұмысшы мен 200-ге жуық арнайы техника жұмыс істеуде.
Сарыарқа ауданында да ауқымды тазалық жұмыстары басталды. Бұл ауданда жол жабындары мен жерасты өткелдері мұқият тазаланып, аялдамалар жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысқа 253 жол жұмысшысы мен 735-тен астам техника жұмылдырылған.
Ал Сарайшық ауданының көшелері мен тротуарлары да ерекше күтімге алынды. Мұнда 400 жол жұмысшысы мен 200-ден астам арнайы техника қарды шығарып, қоқысты жинап, жол жиектерін тазалап жатыр.
Қазіргі уақытта қаланың барлық алты ауданында санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда. Коммуналдық қызмет өкілдері қаланы таза әрі әдемі ету үшін күн-түн демей еңбек етуде. Елорда әкімдігі қала тұрғындарын ортақ үйіміз – Астананы таза ұстауға шақырады. Себебі қала тазалығы – баршамыздың ортақ міндетіміз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







