Кешкі ас дәмді болғанымен, таңертең іштің жайсыздануы көп адамға таныс жағдай. Мамандар мұны көбіне кешкі уақытта дұрыс таңдалмаған тағаммен, мөлшерден тыс жеумен және ұйқыға тым жақын уақытта тамақтанумен байланыстырады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Артық салмақтан арылуда тамақтану тәртібі шешуші рөл атқарады. Мұнда күндіз не жегеніңіз ғана емес, кешке қандай ас ішкеніңіз де маңызды. Кейбір мамандар кешкі алтыдан кейін мүлде тамақ ішпеуге кеңес береді. Енді бірі кешкі мәзірден ауыр, майлы және тым калориялы асты алып тастап, жеңіл тағамға көшу керек.
25 жылдық тәжірибесі бар дәрігер-диетолог, медицина ғылымдарының кандидаты Мұрат Болатұлының айтуынша, кешкі асты жоспарлағанда ең алдымен адамның созылмалы аурулары ескерілуі керек. Себебі асқазан-ішек жолы, бауыр, өт немесе ұйқыбезге қатысты мәселе болса, кешкі тағамның құрамы тіпті мұқият таңдалуы қажет.
Маманның сөзінше, кешкі ас ұйқыға дейін кемінде үш сағат бұрын ішілуі тиіс. Сол кезде ағза тағамды қорытып үлгереді, ал адам түнде ауырлық сезінбей ұйықтайды. Кешкі ас тойымды болғаны дұрыс, бірақ асқазанға салмақ түсірмеуі керек.
Ол үшін «тәрелке ережесін» қолдану маңызды. Яғни астың үлесі көзге көрінетіндей шамада болуы қажет. Бірнеше апта бойы калорияны есептеп көру немесе «қол ережесін» пайдалану да пайдалы. Осындай тәсіл арқылы адам өзіне қанша тағам жеткілікті екенін аңғара бастайды.
Диетолог тағы бір маңызды жайтқа назар аударады. Әр өнімнің тоқтық сезіміне қалай әсер ететінін бақылау керек. Бір адамға кешкі асқа жеген тағам жеңіл тисе, екінші біреуге жайсыздық тудыруы мүмкін. Мұны түсіну үшін тамақ күнделігін жүргізген жөн. Сол кезде қай өнімнің ағзаға жақсы, қайсысының ауыр әсер ететіні анық көрінеді.
Маман жасы ұлғайған сайын ағзаның зиянды факторларға қарсы тұру қабілеті әлсірейтінін де ескертеді. Сондықтан кешкі аста артық майлы, ащы, қуырылған және тым ауыр тағамнан сақ болған дұрыс. Кешкі ас – қарынды қатты тойдырудың емес, ағзаны түнгі тынығуға дайындаудың бөлігі.
Құрма сияқты жемістердің құрамында танин деп аталатын илегіш заттар бар. Осы танин асқазанда жиналып, бірте-бірте безоар атты бөгде түзіліске айналатынын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







