Қазақстандық файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтар Ереванда өткен Hype FC 28 турнирінде күтпеген жерден қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулудан жеңіліп қалды. Аралас жекпе-жек жұлдызы саналатын Еркебұлан қарсыласына үш раунд бойы бірде-бір қарсы әрекет жасай алмады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бокс ережесі бойынша ММА қолғаптарымен өткен айқаста Тоқтар айқын фаворит ретінде аталған еді. Дегенмен, жекпе-жектің алғашқы минутынан-ақ қырғыз спортшысы оның қимыл-әрекетін толық бақылап, тактикалық тұрғыда үстемдік танытты. Еркебұлан өзіне тән агрессивті стилін іске асыруға тырысқанымен, қарсыласының мықты қорғанысынан ешқандай нәтиже шығара алмады.
Алғашқы екі раунд Еркебұлан үшін өте ауыр өтті: ол Марсельдің соққыларына лайықты жауап бере алмай, жылдамдық пен дәлдіктен қатты ұтылды. Үшінші раундта Тоқтар жағдайды өзгертуге әрекеттенгенімен, Нұрланбек уулу еш мүмкіндік бермей, кездесу соңына дейін басымдықты сақтап қалды.
Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыз шешімімен Марсель жеңімпаз атанды (3:0).
Осылайша, Тоқтардың бұған дейінгі қатарынан жеті жеңістен тұратын сәтті сериясы тоқтады. Ал қырғызстандық спортшы өзінің рекордын мінсіз сақтап, жеңістер санын 14-ке жеткізді.
Жекпе-жектен кейін…
Еркебұлан Instagram парақшасында жанкүйерлеріне арнап эмоционалды видео жариялады.
«Құрметті жанкүйерлерім, кешіріңіздер, бүгін басымды төмен түсірдім. Хейтерлер болса, рахаттанып күле беріңіздер. Үш жыл бойы жеңілмеген едім, міне сіздердің қуаныштарыңызға орай тағы жеңілдім», – деді Тоқтар.
Сонымен бірге ол жекпе-жектің толық видеосын кейіннен асықпай қарап, қателіктерді саралайтынын айтты. Спортшы алдағы уақытта үзіліс алатынын және демалып, қайта күш жинауы қажет екенін жеткізді.
«Екі ай бойы тоқтаусыз дайындық мені қатты шаршатты. Енді біраз демалу керек. Үш-төрт ай, тіпті жарты жыл демалуым мүмкін. Бірақ міндетті түрде қайта ораламын», – деп түйіндеді спортшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







