Түркістан облысында биыл көгалдандыру жұмыстары бұрынғыдан да ауқымды сипат алмақ. Өңірде 1 миллион түп көшет отырғызу жоспарланып, бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігінің қатаң бақылауына алынған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен қаралды. Жиында Мемлекет басшысының ел көлемінде 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыс пен алдағы жоспарлар пысықталды.
Ресми мәліметке сәйкес, 2021-2027 жылдар аралығында облыстың орман қоры жерлеріндегі 110 мың гектар аумаққа 170 миллион көшет егу бойынша арнайы кешенді жоспар бекітілген. Қазірдің өзінде 2021-2025 жылдары 96 мың гектар жерге 146 миллион түп көшет егілген.
Яғни жоспар 116 пайызға артығымен орындалған. Бұл көрсеткіш Түркістан облысында орманды қалпына келтіру және көгалдандыру жұмыстарының жай есеп үшін емес, нақты көлеммен жүріп жатқанын аңғартады.
Облыс басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне көктемгі ағаш егу науқанын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен бірге кейбір өңірлерде суару жүйесі мен қоршау жұмыстарының әлсіз жүргізіліп жатқанын сынға алып, ендігі жерде тек көшет санын емес, оның сапалы отырғызылуы мен күтіміне де басымдық берілуі керек екенін жеткізді.
Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов баяндама жасап, алдағы кезеңдегі нақты жоспарларды атады. Оның айтуынша, 2026–2027 жылдары қалған 14 мың гектар аумаққа 24 миллион түп көшет отырғызу толық аяқталуға тиіс. Биылғы наурыз айында ғана 13 600 гектар жерді жырту жоспарланған.
Өткен жылы облыстағы орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты 22 тұқымбақта 30 миллионға жуық көшет өсірілген. Оның 10 миллионнан астамы орманды толықтыру мақсатында егілген. Бұл дегеніміз өңір енді көшетті сырттан ғана күтпей, өз ішіндегі тұқымбақтар арқылы қажетті қорды көбейтіп жатқанын көрсетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді көгалдандыру бағытында Түркістан облысына биыл 1 миллион көшет отырғызу міндеті жүктелген. Өткен жылы бұл межеге де жақын нәтиже тіркелген. Нақтырақ айтқанда, 2025 жылы 1 065 139 түп көшет егілген. Ал биыл 1 миллион көшет отырғызу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 312 мың көшет аудан-қалаларға таратылған.
Көктемгі маусымға дайындық аясында 374 гектар жер қамтылған. Суару жүйелері 80 пайызға, ал қоршау жұмыстары 84 пайызға орындалған. Облыс әкімінің тапсырмасымен 13 аудан мен қалада жер бөлініп, тұқымбақтар ашылған. Бұл келешекте көгалдандыру жұмысын маусымдық акция емес, тұрақты жүйе ретінде жалғастыруға мүмкіндік береді.
Контекст
Биыл Наурызнама аясындағы 23 наурыз – Тазару күні де құр ұранмен өткен жоқ. Сол күні облыс көлемінде жаппай ағаш отырғызу мен тазалық акциялары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 46 гектар жерге 32 256 түп көшет егілді. Сонымен қатар 821 гектар аумақ тазартылып, 1032 тонна қоқыс шығарылған.
Түркістан қаласы маңындағы «Жасыл белдеу» жобасы да осы бағыттағы ең ірі бастамалардың бірі болып қалып отыр. Қазір бұл жоба 30 мың гектар аумақты қамтиды. Оның 29 544 гектары мемлекеттік орман қоры санатына енгізілген. 2026 жылғы жоспарға сәйкес, көктемде 100 гектар жерге 294,1 мың түп сексеуіл, ал күзде 9 415 гектар аумаққа 776 мың түп жапырақты ағаш көшеті отырғызылады.
Жасыл белдеудегі ағаштарды суғару үшін 390 су ұңғымасы жұмыс істеп тұр. Биыл олардың 60-ының насосын жөндеу жоспарланған. Бұған қоса, әуежай жолы бойындағы су жүйелері қыс мезгілінде толық тазартылып, вегетациялық кезеңге дайындалған.
Облыс аумағындағы отырғызылған ағаштарды жаздың аптап ыстығында біркелкі суғару үшін тамшылатып суару жүйелерін жаңарту және қосымша 4 бассейнге қуаты сағатына 80–120 текше метр су айдайтын құрылғылар орнату көзделіп отыр. Яғни өңірде мәселе тек ағаш егу емес, сол ағашты аман алып қалу, өсіру және тұрақты күтіммен қамтамасыз етуге қарай ойыса бастаған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында көгалдандыру жұмыстары жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Бұл бағыт енді бір күндік науқанмен өлшенбейді. Орман қоры, тұқымбақ, суару жүйесі, қоршау, жасыл белдеу, елді мекендерді көгалдандыру – бәрі бір жүйеге біріге бастаған. Егер осы қарқын сақталса, Түркістан алдағы жылдары тек тарихи және туристік өңір ғана емес, жасыл кеңістігі кеңейген аймақ ретінде де көріне түсуі мүмкін.
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын тазалауға арналған ерекше экологиялық шара өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







