AMANAT партиясы соңғы жылдары нақты нәтижеге негізделген жұмысты алдыңғы орынға шығарып, азаматтардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Партия енді тек саяси ұранмен шектелмей, қарыз, жер, жұмыс, ауыл тірлігі мен қаладағы тұрмыс сапасы сияқты ел ішіндегі ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталған сервистік модель қалыптастыруға ден қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен кеңесте осы негізгі жобалардың жүзеге асу нәтижелері талқыланды. Бүгінде партия бастамалары миллиондаған азаматты қамтып отыр. Бұл жобалардың басты ерекшелігі – адамды орталыққа қою. Яғни әр бастама қағаз жүзіндегі есеп үшін емес, нақты адамның мәселесін шешуге бағытталған.
Соңғы жылдары халықтың шамадан тыс несие алуы елдегі ең күрделі әлеуметтік түйіндердің біріне айналды. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да тұрақты назарында. Осыған байланысты партия «Қарызсыз қоғам» жобасын қатарынан төртінші жыл жүзеге асырып келеді. Жоба басталғалы бері 1,7 миллионнан астам адамға қаржылық сауаттылық, берешекті реттеу және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша көмек көрсетілген.
Тек өткен жылдың өзінде 862 мың азамат қамтылып, олардың 422 мыңнан астамы қарызын қайта құрылымдай алған. 258 мыңнан астам адамның есепшотындағы бұғаттау алынған. Ал 145 мыңға жуық азамат кешенді кеңес алған. Бұл жобаның қатысушылары арасында әйелдер мен көпбалалы отбасылардың көп болуы да оның әлеуметтік маңызын айқындай түседі.
Партияның келесі ауқымды бағыты – «Жер аманаты». Бұл жоба аясында 14,2 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Ең маңыздысы – осы бағытта ашықтық қамтамасыз етіле бастады. Қайтарылған жерлер туралы мәліметті jerkarta.gharysh.kz геосервисі арқылы ашық көруге мүмкіндік бар.

Бірақ бұл жерде әңгіме тек жерді кері қайтаруда емес. Президент атап өткендей, басты міндет – сол жерді тиімді игеру. Сол себепті енді басымдық қайтарылған жерді әділ бөлуге, оны шаруашылық айналымға қайта енгізуге және тағы да бос жатпауына бағытталып отыр.
Ал осы негізде экономикалық тірек жасауға арналған жоба «Ауыл аманаты». Бұл бастама Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында іске асуда. Оның мақсаты ауыл тұрғынына жай ғана көмек беру емес, ауыл экономикасын тұрақты табыс көзіне айналдыру.
Бұл үшін алғаш рет 2,2 мың ауылдық округке экономикалық скрининг жүргізіліп, әр аумақтың бағыты, әлеуеті мен даму мүмкіндігі анықталды. Өнім сақтау және өңдеу инфрақұрылымы бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құру үшін 103 локация белгіленді. Осылайша, жеңілдетілген қаржыландыру, жер беру, оқыту, кооперативке біріктіру және өнімді өткізу секілді толық тізбек жасақталып жатыр.
Бүгінде бұл жоба ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға нақты ықпал етіп отыр. 2029 жылға қарай бір миллионға жуық ауыл тұрғынын кооперативтерге біріктіріп, оларды тұрақты табыспен қамту жоспарланған. Тек биылдың өзінде 509 ауылдық округте 571 кооператив іске қосылып, 200 мыңға жуық адам бірыңғай өнім өткізу тізбегіне қосылады деп күтілуде.
Ауылдың ажарын кіргізген «AMANAT» партиясы енді қаланың ырысын арттыруға кірісті
Партия жұмысы тек ауылмен шектелмейді. Қала тіршілігіндегі мәселелерге де басымдық беріліп отыр. Егер «Жер аманаты» мен «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыруға негіз қаласа, «Turgyndar Amanaty» жобасы қала тұрғындарының күнделікті мәселесін шешуге бағытталған. Бұл жоба жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, көпқабатты үйлерді тиімді басқаруға, тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беруге арналған. Өткен жылы жоба елордада пилоттық режимде іске қосылып, биыл ел көлемінде кеңейтілді.
Қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі де жұртты қатты алаңдатады. Өткен жылы осы салаға қатысты 110 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұған жауап ретінде партия 700-ден астам МИБ төрағасын оқытып, азаматтарға құқықтық көмек көрсеткен. Қазір бұл жоба тек өтініш қабылдап қана қоймай, тұрғын мен мемлекеттік орган арасындағы тұрақты байланысты қалыптастыратын құралға айналып келеді.
Жалпы алғанда, партияның осы және өзге де жобалары бір-бірінен бөлек бастама емес, тұтас жүйе ретінде көріне бастады. Бұл жүйенің өзегі – адам. Ауылда ма, қалада ма, әр азаматтың нақты мәселесіне жауап беретін құрал ұсыну басты міндетке айналған. Қарыз жүктемесін азайту, жерге қол жеткізу, жұмыс табу, ауылдағы табысты арттыру, қаладағы тұрмыс сапасын жақсарту – мұның бәрі бір реттік акция емес, ұзақ мерзімді бағыт ретінде ұсынылып отыр.
Бүгінгі негізгі түйін де осы: AMANAT партиясы енді саяси кеңістіктегі ұйым ғана емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтін, әлеуметтік мәселені жүйелі шешуге ұмтылған құрылым ретінде көрінуге тырысып жатыр. Ал оның шынайы бағасын, әрине, халық күнделікті тұрмысындағы өзгеріс арқылы береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







