Жетісу облысында биылғы қант қызылшасын себу науқаны басталды. Өңірде тәтті түбір алқабы ұлғайып, биыл 13 мың гектар жерге қызылша егіліп, 585 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыста қант қызылшасын өсірумен 550-ден астам шаруашылық айналысады. Биыл оларға 17,5 мың себу бірлік тұқым қажет. Соның 12,7 мың бірлігі Ақсу және Көксу қант зауыттары арқылы жеткізілген. Қазір шаруашылықтардың сұранысына сай тұқым үлестіріліп жатыр. Қалған бөлігін диқандар өзге жеткізуші компаниялардан алуда.
Биыл егіске әлемдік селекцияның үздік тұқымдары пайдаланылмақ. Атап айтқанда, Францияның «Флоримон Депрес», Германияның «KWS» және АҚШ-тың «БТС» компанияларының жоғары өнімді сұрыптары таңдалған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, былтырғы тәжірибе ескеріліп, шамамен 1925 гектар жерге ерте пісетін, 120 күнде жетілетін «Авантаж» сорты егіледі. Бұл зауыттарға қызылшаны 10 қыркүйектен бастап қабылдауға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, шаруашылықтарға биыл да тұқым, минералды тыңайтқыш, пестицид және зауыттарға өткізілген өнім бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Қант қызылшасын себу жұмыстары 1 сәуірде басталды. Науқан 10 мамырға дейін аяқталады деп күтілуде. Биылғы егіс Көксу ауданынан бастау алды.
Көксу ауданында қызылша еккен алғашқы шаруашылықтардың бірі – «Кең дала» шаруа қожалығы. Бұл шаруашылық биыл 700 гектар алқаптың 200 гектарына тәтті түбір екпек. Шаруашылық басшысы Қалибек Алпыспаев биыл ерте пісетін «Авантаж» сортына басымдық беріп отырғанын айтты.
Егіс науқанында заманауи агротехнологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Алқап алдын ала тырмаланып, арамшөптен тазартылған. Одан кейін егіс жұмысына GPS жүйесімен жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін екі трактор кіріскен. Осы технологияның арқасында қатарлар дәл түсіп, тұқым біркелкі әрі шамамен 2 сантиметр тереңдікке себіледі.
Фермерлердің айтуынша, мұндай тәсіл тұқым мен жанармайды үнемдейді. Ең бастысы, өскіннің біркелкі шығуына және өнімділіктің артуына жол ашады.
Жалпы, Жетісу облысында биылғы егіс алқабы 511,8 мың гектар болады деп күтілуде. Соның 387 мың гектары көктемгі егіске тиесілі. Қант қызылшасы бұл құрылымдағы ең маңызды дақылдардың бірі болып қала бермек.
Депутат Мұрат Әбенов қамауға алынған танымал блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханның ісіне қатысты ұстанымын білдірді. Мәжілісмен ұсталған азаматқа ешқандай қолдау көрсете алмайтынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







