Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы «Жастар-3» тұрғын алабында бүгін 55 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа баспаналардың кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев өзі тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа қоныс иелерін құттықтаған өңір басшысы әр отбасының жеке баспанасы болуымен олардың тұрмыс сапасы жақсаратынын атап өтті.
– Бүгін «Жастар-3» тұрғын алабында жаңа жеке үйлердің кілттерін табыстап отырмыз. Әр үйдің ауласында 5-6 сотық жері бар. Су, газ, жарық тартылған, жолдар жақында асфальтталады. Келешекте бұл жерге мектеп, медициналық пункт, саябақ салынып, автобус қатынайтын болады. Осылайша, жайлы әрі көрікті коттедж қалашығы қалыптасады, – деді Бейбіт Исабаев.
Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің қатарында көпбалалы отбасылар мен жетім балалар бар. Үй кезегінде 2013 жылдан бері тұрған Лейла Алексеева:
– Бүгінгі күн – мен үшін ерекше қуаныш. Балалар үйінде өскен маған жеке баспананың болуы өмірімдегі үлкен арманым еді. Қазір үш балам бар, олардың қуанышында шек жоқ. Осы қамқорлықты көрсеткен мемлекетімізге шын жүректен ризамын, – деді.
Көпбалалы ана Әсел Байтұманова да қуанышымен бөлісті:
– Өзім шаштараз болып істеймін. Бес баланың анасымын, төрт балам мектепте оқиды. Балаларым қаланың әр жеріндегі мектептерге барып жүр еді. Енді осы ауданда жаңа мектеп салынады дегенді естіп, қуанышымыз екі еселенді, – деді ол.
Көпбалалы әке Азамат Мырзағалиұлы:
– Баспана кезегінде 2017 жылдан бері тұрған едік. Бүгін көптен күткен үйімізге қолымыз жетті. Бұл үйлердің құрылысында өзім де істедім, сапалы салынғанына көзім жетті. Отбасымызбен тез арада көшіп келеміз. Бұл – балаларымның несібесі, – деп ағынан жарылды.
Айта кетейік, «Жастар-3» алабында барлығы 790 жеке тұрғын үй салынады. Бүгінге дейін оның 166-сы берілді. Тағы 250 үйдің құрылысы жалғасуда. Барлық жоба 2027 жылы аяқталмақ. Сонымен бірге, тұрғындардың жайлылығы үшін мектеп, медициналық пункт, спорт кешені мен саябақ салу жоспарланған.
Жалпы, өткен жылы Талдықорғанда 630-дан астам адам жаңа баспанаға қол жеткізсе, биылғы жылдың соңына дейін тағы 1400 тұрғынды үймен қамту көзделген. Қазіргі уақытта қала бойынша тұрғын үй кезегінде 20 мыңнан астам адам тұр.
Жетісу облысында жастарға арналған «JASTAR INFO» ақпараттық кеңес беру пункті ашылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







