Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір аралығында «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шаралардың біріне айналған көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен өтпек.
Биылғы көрмеге жалпы саны 80-ге жуық баспа және полиграфиялық ұйымдар қатысады. Оның жартысын отандық компаниялар құраса, қалған қатысушылар Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбритания сияқты елдерден келеді.
Көрме-жәрмеңкенің бес күндік бағдарламасында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, белгілі авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар және балаларға арналған арнайы шеберлік сағаттары өтеді.
Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігі қолдауымен шыққан «Түрік асханасы», ақын-айтыскер Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» жинағы бар. Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасы, «Замандастар» сериясымен шыққан кітаптарды да осы көрмеден табуға болады.
Сонымен қатар, «Түркістан мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» кітап-альбомдарының таныстырылымы да осы көрме аясында өтеді.
23 сәуір Ұлттық кітап күніне орай, республикалық «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Көрменің салтанатты ашылуы 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, танымал жазушылар мен шетелдік дипломаттар қатысады.
Айтқандай Астанада жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







