Маңғыстауда нашақорлыққа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық штабтың отырысында айтылды.
Жиынға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, есірткі бизнесімен күресте өзара әрекеттестікті арттыру мәселелерін талқылады.
«Біз спорт үшін, есірткіге қарсымыз» қоғамдық қорының төрағасы Роман Оразымбетов жастар арасында жүргізілген алдын алу шаралары туралы баяндады. Ал облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай өткен жылғы жұмыс нәтижесін қорытындылап, биылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Жиында синтетикалық есірткінің интернет арқылы таралу қаупі және нашақорларды оңалтатын орталықтардың қызмет сапасын көтеру қажеттігі айтылды.
Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия отырысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу, бұрын істі болғандармен профилактикалық жұмыс және мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтар жайы талқыланды.

Маңғыстау облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Серік Айдаровтың айтуынша, өткен жылы жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған 600-ге жуық іс-шара өткізілген.
Асхат Оралов нашақорлықпен күрес – мемлекет үшін басым бағыт екенін ерекше атап өтті.
– Президентіміз жастарды зиянды әдеттерден қорғау, нашақорлықтың алдын алу жұмысын жүйелі жүргізудің маңыздылығын бірнеше рет айтты. Бұл тек полицияның емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Жастардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, отбасы институтын күшейту, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру өте маңызды. Заңдылық пен тәртіпті сақтау барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз, – деді Асхат Оралов.
Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңызы зор. Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту және реабилитациялық орталықтардың қызметін қадағалауды жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







