Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Президентке бюджетті бақылау барысында анықталған миллиардтаған шығындар мен алаяқтық әрекеттер туралы есеп берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Элимановтың айтуынша, агенттік мамандары ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялардың тиімсіз жұмсалу қаупін анықтаған. Мал шаруашылығындағы тиімсіз пайдаланылған қаржы көлемі 30 миллиард теңгеге жеткен. Бұдан бөлек, ғылыми зерттеулер мен олардың коммерцияландыруы үшін бөлінген 10 миллиард теңгеден астам қаражаттың із-түссіз кеткені белгілі болды.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаражатты жымқыру бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен бірге, құрылыс саласындағы 5,3 миллиард теңгенің қолды болуына байланысты тағы 21 қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады агенттік.
Алаяқтықпен күрес аясында Қаржы мониторингі агенттігі 17 қаржы пирамидасының жолын кесті. Сонымен қатар банктер мен байланыс операторларының атынан жалған SMS жіберумен айналысқан топ әшкереленді.
«3,7 мыңнан астам алаяқтық сайт пен аудиториясы 25 мың адамнан асатын 22 топтық чат жабылды. 400-ден астам жалған құрылыс компаниясына берілген бірінші санатты лицензиялардың күші жойылды», – делінген хабарламада.
Ақшаны заңсыз жолмен жымқыруға қатысты агенттік дроп-карталарды пайдалану бойынша 14 қылмыстық істі тергеп жатыр. Карталардың айналымы 13 миллиард теңгеден асады. Жалған тұлғаларға тіркелген 68 мыңнан астам банк картасы бұғатталған. Бұдан бөлек, жалған фирмалар мен құжаттарды пайдаланғандарға қатысты тағы 23 тергеу басталды. Мұнда келтірілген шығын көлемі де 13 миллиард теңгеге жуық.
Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыда болған Zeekr көлігімен байланысты жол апатын тергеуді Мемлекет басшысы жеке бақылауына алғанын хабарлаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







