Алматы көшелерінде тәртіпті енді формалы экипаж ғана емес, қарапайым көлікпен ағылған жасырын бақылау да қадағалай бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қала жолдарында «Стоп-құқықбұзушылық» жедел-профилактикалық шарасы аясында жасырын патрульдеу тәсілі енгізілді. Мақсат айқын: көлікті бейберекет айдап, жол үстінде қауіп төндіретін жүргізушілерді ағынның ішінен-ақ ұстап, апатқа апарар әрекетті ертерек тоқтату.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері енді штаттық киімсіз, азаматтық автокөлікпен жалпы көлік легінің арасында жүреді. Олар ең алдымен өрескел жол ережесін бұзу деректерін анықтауға басымдық береді.
Әсіресе күрт жол ауыстыру, «шашка» ойнау, өзге көлікті қысып өту, авариялық жағдай туғызу секілді қауіпті әрекеттер бақылауға алынған.
Осындай заңбұзушылық тіркелген сәтте жасырын патруль ақпаратты жақын маңдағы полиция экипаждарына жедел жолдайды. Артынша сол экипаж көлікті тоқтатып, жүргізушіні заң аясында жауапкершілікке тартады.
Полиция дерегінше…
Жаңа тәсіл алғашқы нәтижесін де көрсете бастаған. Өткен демалыс күндерінің өзінде Алматыда агрессивті көлік жүргізудің 28 дерегі тоқтатылған. Заң бұзған жүргізушілердің бәрі жауапқа тартылған.
Құқық қорғау органдары мұндай бақылау ең алдымен жүргізуші тәртібін күшейтуге және жол-көлік оқиғасының алдын алуға бағытталғанын айтады. Әсіресе қауіпті маневр мен дөрекі айдау мәнері салдарынан болатын апаттарды азайту көзделіп отыр.
Алматы қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинұр Тасыбаев жаңа тәсілдің мәнін былай түсіндірді:
«Жасырын патрульдеу көзге көп түсе бермейтін өрескел заңбұзушылықты анықтайтын тиімді құрал. Полиция қызметкері көлік ағынының ішінде жүргенде жүргізушілердің жолдағы шынайы әрекетін анық көреді. Әсіресе «шашка» ойнау, күрт маневр жасау және өзгенің қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа да әрекеттер бірден байқалады. Осындай деректердің бәрі кідіріссіз жақын маңдағы экипаждарға беріледі. Біздің міндет тек жауапқа тарту емес, қауіпсіз көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру».
Қысқасы, Алматы жолдарында енді көзге түспейтін бақылау күшейді. Жүргізуші үшін жол үстіндегі әр маневр бұрынғыдан да мұқият сараланатын кезең басталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







