Мәдениет және ақпарат министрлігі продюсер Баян Алагөзованың «діни насихатты реттеу қажет» деген ұсынысына қатысты ресми ұстанымын жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов еліміздің заңнамасында «діни насихат» деген ұғым мүлде жоқ екенін айтты.
«Бізде «діни насихат» ұғымы заңнамалық тұрғыда жоқ. Бірақ радикалды және экстремистік ағымдарға тыйым салынған. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірді ол.
Ысқақовтың сөзінше, Қазақстан көпконфессиялы әрі төзімділікке негізделген ел, сондықтан діни саладағы реттеулер ең алдымен радикализм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған.
Сондай-ақ…
Вице-министр қоғамдағы даулы пікірлер, атап айтқанда, Наурыз мейрамына қатысты айтылған провокациялық мәлімдемелер туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер заң шеңберінде қарастырылып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Әлеуметтік желілердегі арандатушылық мазмұнға қатысты да түсініктеме берілді. Министрлік өкілінің сөзінше, қоғамды адастыратын немесе шиеленісті өршітетін контенттің авторлары заң аясында жауап береді.
«Біз ондай адамдарды жауапқа тартып жатырмыз. Мұндай әрекеттер жалған ақпарат тарату, әлеуметтік және діни араздықты қоздыру сияқты бірқатар баптарға сәйкес қаралады. Заңға қайшы әрекеттер міндетті түрде жауапкершілікке әкеледі», – деді Ысқақов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Наурыз мерекесі туралы даулы мәлімдеме жасаған блогердің видеосы Қазнетте қызу талқыға түсіп, қоғам наразылығын тудырған еді. Ол «Наурыздың қазақ пен исламға қатысы жоқ, бұл зороастризм мейрамы» деп мәлімдеп, мұсылмандардың оны атап өтуіне қарсы шыққан болатын.
Сонымен қатар, наурыз айының соңында Алматы облысында осыған ұқсас видео жариялаған блогер ұсталып, оның әрекетіне құқықтық баға берілген. Тағы бір жағдайда өзін діни ағым өкілімін деп таныстырған азамат «екінші әйелін шәкіртіне беретінін» мәлімдеген соң, дін істері басқармасы оның әрекетін заң бұзушылық деп тауып, айыппұл салды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







