Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы іс жүзінде тоқтады. Иран кемелерді тек өз аумақтық сулары арқылы ғана өткізіп отыр. Reuters агенттігінің тілшілері Джонатан Саул мен Ахмад Гаддардың айтуынша, бұл жағдай америкалық-израильдік қақтығыстың салдарынан туындаған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Журналистердің деректерінше, қазір Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы қалыпты жағдайдың 10 пайызына да жетпейді. Иран билігі кемелердің қозғалысын өз бақылауына алып, Ислам корпусы сақшылары (КСИР) арнайы ереже енгізген.
Tasnim агенттігінің хабарлауынша, КСИР кемелерден Иранның Ларак аралын айналып, оның аумақтық суларымен өтуін талап етуде. Мұның себебі бұғаздағы қалыпты бағыттарға теңіз миналары орнатылған болуы мүмкін.
КСИР әскери-теңіз күштері кемелердің мина қойылған аумақтарды айналып өтуіне арналған навигациялық картаны жариялады. Кемелерге арнайы рұқсат беріліп, олардың жүріп өту бағыты қатаң бақылауда ұсталуда.
Reuters деректеріне сүйенсек, бейсенбі күні Ормуз бұғазынан небәрі жеті кеме өткен. Бұл аймақта күнделікті қозғалыс әдетте 140-қа жуық кемені құрайтын. Қазіргі жағдай әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20 пайызға қысқаруына себеп болып, соңғы онжылдықтардағы ең үлкен энергетикалық дағдарысты туындатып отыр.
– Бұл жағдай алдағы екі аптада шешіле қоюы екіталай. Себебі жинақталған кептелісті жою үшін ұзақ уақыт қажет. Тіпті қақтығыс толық тоқтап, кемелер қозғалысы қалпына келген күннің өзінде, жағдайды тұрақтандыру тез жүзеге аса қоймас, – дейді Verisk Maplecroft консалтингтік компаниясының сарапшысы Торбьорн Солтведт.
2 миллион долларлық транзит төлемі
Кейбір БАҚ деректеріне сүйенсек, Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден транзиттік төлем талап етуі мүмкін. Кейбір дереккөздер бұл төлемнің мөлшері 2 миллион доллар шамасында болатынын айтады. Ал Financial Times газетінің мәліметіне қарағанда, Иран өкілдері транзиттік төлемді криптовалюта түрінде алуға ниетті екендігін білдірген.
Халықаралық теңіз ұйымы (IMO) өкілінің айтуынша, халықаралық бұғаздардан өткен кемелерден ақы алу халықаралық келісімдерге қайшы келеді. «Мұндай әрекет қауіпті прецедент тудыруы мүмкін», – дейді IMO өкілі.
Reuters агенттігінің журналистерінің хабарлауынша, Үндістандық Pine Gas LPG танкері Ларак аралын айналып, жаңа бағытпен бұғаздан шыққан. Танкер өкілінің айтуынша, Иран тарапына ешқандай төлем жасалмаған және танкерге КСИР сарбаздары көтерілмегенін айтты.
Mitsui OSK компаниясының президенті Джотаро Тамураның айтуынша, Жапония үкіметінің көмегімен компания соңғы күндері аймақтан үш танкерін қауіпсіз түрде алып шыға алған.
Айта кетейік, Ирандағы соғыс жағдайына байланысты ақпанның соңынан бері Парсы шығанағында жүздеген танкер кептеліп, әлемдік мұнай жеткізілімі күрт төмендеген болатын. АҚШ 19 сәуірге дейін Иранға мұнай экспортын жалғастыруға арнайы рұқсат берген еді. Осыған қарамастан, қазіргі дағдарыс жаһандық нарықтағы бағаның күрт өсуіне себеп болуда.
Сарапшылардың ойынша, Ормуз бұғазындағы шиеленіс тек экономикалық дағдарыспен шектелмей, геосаяси тұрақсыздыққа да алып келуі мүмкін.
Truth Social платформасындағы жазбасында Трамп әлем тарихындағы маңызды сәттердің бірі жақындап қалғанын атап өткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







