Теория мен тәжірибенің сабақтастығы – қазіргі білім беру жүйесіндегі ең маңызды міндеттің бірі. Осы орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті биыл ерекше бастама көтеріп, болашақ мұғалімдердің жеті айға созылған өндірістік практикасын қорытындылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жақында өткен қорытынды конференцияға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, Алматы және Астана қалаларындағы білім беру ұйымдарының директорлары мен педагогтары, сондай-ақ тәжірибеден өткен студенттер қатысты. Конференцияны Абай университетінің Мансап орталығының басшысы Рақымберді Жетібай жүргізді.
Университет өкілдерінің айтуынша, педагогикалық практиканың басты мақсаты – студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және мектеппен ынтымақтастықты нығайту. Биылғы оқу жылында педагогикалық мамандықтардың 2561 үшінші курс студенті қыркүйек айынан бастап Алматының 94 мектебінде алғашқы тәжірибеден өткен.
Оларға мектептер тарапынан 1176 жетекші-мұғалім кәсіби бағыт-бағдар берді. Төртінші курс студенттері үшін негізгі өндірістік практика кезеңі 22 аптаға созылып, оған 2215 болашақ мұғалім қатысты.
Тәжірибелік жұмыстың ауқымы Алматы қаласымен шектелмей, биыл да елорданы қамтыды. Соңғы үш жылда бұл дәстүрге айналған: осы жолы 95 студент Астананың 17 білім ордасында тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларын шыңдады. Жалпы тәжірибе барысында 8860 ашық сабақ өткізілген. Студенттер өздері оқыған теориялық білімдерін мектептегі нақты сабақ беру үдерісінде нәтижелі жүзеге асырды.
Айта кету керек, Абай университеті бұл ұзақ мерзімді практика форматын алғаш рет 2019 жылы енгізген болатын. Бүгінде оның нәтижелілігіне мектеп тарапынан берілген кері байланыстар дәлел болуда. Студенттер тәжірибе барысында мектеп ортасына бейімделіп, сабақ берудің озық әдістемелерін, критериалды бағалау жүйесін, яғни БЖБ мен ТЖБ-ны толық меңгерген.
Бұл тәжірибе болашақ мамандардың еңбек нарығына бәсекеге қабілетті болып шығуына мүмкіндік берді. Студенттерге жетекшілік еткен мектеп мұғалімдерінің 80 пайызы педагог-шебер, педагог-зерттеуші және педагог-сарапшы санатындағы тәжірибелі мамандар болды. Олардың көмегімен студенттер 5000-нан астам ашық сабақ өткізіп, педагогикалық шеберліктерін шыңдады.
Контекст
Тағы бір атап өтерлігі, биыл дуалды оқыту жүйесі де тиімділігін көрсетті. Осы оқу жылында 139 студент осы жүйе арқылы ресми түрде жұмысқа қабылданса, 446 білім алушы мектептердің сұранысы бойынша тәжірибеден өтті.
Жиында сөз алған университеттің Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев бұл практиканың стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. «Ұзақ мерзімді педагогикалық тәжірибе – бұл жай ғана академиялық талап емес, бұл – болашақ мұғалімнің мектеп өміріне толыққанды енуіне мүмкіндік беретін кәсіби көпір. Біздің басты мақсатымыз – студенттердің диплом алған соң бірден кәсіби жұмысқа кірісуін қамтамасыз ету», – деп атап өтті ол.
Конференция соңында «Менің тәжірибедегі бір күнім» байқауының жеңімпаздары марапатталып, үздік жетекшілерге алғыс хаттар табыс етілді. Осылайша, Абай университеті болашақ мұғалімдерді даярлауда теория мен тәжірибенің үйлесімділігін қамтамасыз ететін ірі орталық екенін тағы бір дәлелдеді.
Қытай ғалымдары аккумулятор саласында үлкен серпіліс жасап, электромобильдер мен өзге де техникалардың жұмыс мерзімін айтарлықтай ұзартатын литий-металл батареясының жаңа түрін жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







