Қазақстандықтар ломбардқа тапсырған алтындарын кейін қайтармай, ұмытып кетсе, бұл әрекет болашақта ипотека немесе автонесие алу кезінде үлкен кедергі болуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көптеген адамдар ломбардқа алтын өткізуді «сату» деп түсінеді. Шын мәнінде, бұл мүлікті кепілге қою арқылы алынған микрокредит. Сіз менеджерге әуелден «алтынды қайтарып алмаймын» деп айтқан күннің өзінде де, құжат бойынша рәсімделетіні – несие келісімі.
Мұндай жағдайда несие белгіленген мерзімде өтелмесе, жүйе сізді төлем мерзімін кешіктірген адам ретінде тіркейді. Уақыт өте келе бұл «дефолт» (төлем қабілетсіздігі) болып белгіленіп, сіздің несие тарихыңызға түседі.
«Көпшілігі алтын ломбардта қалған соң, міндеттемені жабылды деп ойлайды. Алайда кредиттік тарих мерзімнің бұзылғанын тіркеп қояды. Кейін алтынды қайтарып алған күннің өзінде де, кешіктірілген төлем туралы жазба сіздің несие тарихыңызда сақталады», – дейді Сұлтан Елемесов.
Неге банктер бұған сақтықпен қарайды?
Скорингтік жүйелер үшін ломбардқа жүгіну – қаржы қиындықтарының айқын белгісі. Банктер бұл әрекетті «тәуекелі жоғары клиент» деген белгі («қызыл жалауша») ретінде қабылдайды.
«Банк сіздің сол кезде жағдайыңыз қандай болғанын анықтап жатпайды. Олар тек несие тарихындағы микрокредит пен мерзімі кешіктірілгенін көреді», – дейді сарапшы.
Сондықтан ломбардқа бару – алтынды тез сату емес, ол шағын несие алу екенін ұмытпаған жөн. Ал кез келген несие сіздің қаржылық беделіңізге тікелей әсер етеді.
Бір рет салынған алтынды қайта алмай кету болашақта ипотека немесе автонесие сияқты ірі несие алуға кері әсерін тигізуі мүмкін. Осыны ескеріп, қаржы мәселелерінде әр қадамды мұқият ойластырған жөн, деп түйіндеді сарапшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







