Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аумақтарды тазарту, көгалдандыру және санитарлық жұмыстар ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Акция барысында Панфилов ауданында «7 OZEN» экологиялық шарасы өтіп, Іле өзенінің арнасы тазартылды. Бұл жұмыстарға 50 адам мен 2 арнайы техника тартылып, өзен арнасынан 25 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сонымен қатар, өңірдегі Талдықорған, Текелі, Сарқан, Жаркент, Үштөбе және Үшарал қалаларында «Таза қала» атты экологиялық акция өтті. Оның басты мақсаты – қала аумақтарын тазарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және халықты экологиялық шараларға жұмылдыру болды.
Аталған қалалардағы акцияларға жалпы саны 2 800 адам қатысып, 41 техника қолданылды. Нәтижесінде қалалардан 101 тонна қоқыс шығарылып, 1 710 дана ағаш көшеті отырғызылды.
Жалпы, облыс бойынша тазарту және көгалдандыру іс-шаралары басталғалы бері 51 мыңнан астам адам белсене атсалысты. Бұл жұмыстарға 913 техника жұмылдырылып, 1 044 гектар аумақ тазаланды. Сонымен қатар, 4 мың тонна қоқыс жиналып, 40,9 мың көшет отырғызылды.
Облыс әкімдігі «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруды ерекше бақылауда ұстап отыр. Акцияның басты міндеті – өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың табиғатқа жауапкершілігін арттыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







