Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Оған өңір бойынша 30 мыңға жуық адам қатысып, 200 арнайы техника жұмылдырылды. Шара барысында 20 мыңға жуық ағаш көшеттері егіліп, 394 тонна қоқыс шығарылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Акция аясындағы ірі шаралардың бірі Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Онда 10 гектар аумақты қамтитын «Барыс» эко-паркінің негізі қаланып, алғашқы көшеттер отырғызылды. Экологиялық шараға қала тұрғындары, жастар, мекеме қызметкерлері мен қоғамдық белсенділер белсене қатысты. Сонымен қатар облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те ағаш егуге қатысып, акцияға қолдау білдірді.
– Қонаев қаласы облыстың орталығы ретінде қарқынды дамуда. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар үшін жайлы әрі экологиялық таза демалыс орындарын қалыптастыру. «Барыс» эко-паркі – жай ғана саябақ емес, болашақта заманауи мәдени әрі қоғамдық орталыққа айналады. Бұл игі іске ардагерлеріміз бен жастардың да атсалысуы ерекше қуантады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың даналығын еске салғым келеді. Бүгінгі отырғызылған ағаштар болашақ ұрпаққа деген аманатымыз, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл облыста 220 мың ағаш егу жоспарланған. Жыл басынан бері оның 22 мыңы отырғызылған.
Қала тұрғындары да ортақ істен шет қалмай, парк аумағына 200 түп көшет отырғызды. Алдағы уақытта мұнда барлығы 5 мың түп ағаш егу көзделген. Жасыл-желек отырғызу кезінде жергілікті климаттық жағдай ескеріліп, төзімді әрі сәнді ағаш түрлері таңдалған.
Жыл соңына дейін эко-парк толық абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы, заманауи жарықтандыру жүйелері мен демалыс орындары іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Көшпенділер қалашығы» маңында да жаңа эко-парк құрылып, онда 500 түп ағаш егіледі. Бұл аймақты абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







