Несие алмас бұрын әркім өзінің қаржылық ахуалын білгені абзал. Әсіресе, ипотека рәсімдерде, көлік не смартфонды бөліп төлеуге алған кезде банктер алдымен сіздің несие тарихыңызды жіті тексереді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір несие тарихын тексеру санаулы минутта жүзеге асады. Дегенмен, банк қызметкерінің алдынан сіз туралы қандай ақпарат шығатынын өзіңіз біле бермеуіңіз мүмкін. Осы ретте eGov.kz порталы несие тарихын небәрі 5 минутта қалай алуға болатынын және ол туралы толық ақпаратты еске салды.
Несие есебін алудың ең қолайлы әрі ресми жолы – eGov.kz порталы. Толық рәсім 10-15 минут уақыт алады, ал қолыңызда жарамды электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет.
«Алдымен eGov.kz порталына ЭЦҚ немесе QR-код арқылы кіресіз. Содан кейін іздеу жолына «Жеке несие есебін алу» деп жазып, қажетті қызметті таңдайсыз. Әрі қарай «Онлайн қызметке тапсырыс беру» түймесін басып, автоматты түрде енгізілген мәліметтерді тексеріп, өтінішке ЭЦҚ қойып жібересіз. Дайын есеп PDF форматында жеке кабинетіңіздің «Қызмет алу тарихы» бөлімінде сақталады», – делінген Электронды үкіметтің хабарламасында.
Қазақстан заңдарына сәйкес, әрбір азамат несие тарихын жылына бір рет тегін тексеруге құқылы. Мамандар бұл мүмкіндікті жыл басында немесе ірі несиеге өтініш берер алдында пайдалануды ұсынады. Бір жыл ішінде қайта сұратылатын әрбір келесі есептің құны – 400 теңге.
eGov порталы уақытша істен шыққан жағдайда да несие тарихын тексерудің ресми балама жолдары бар. Олар – Бірінші несие бюросының (1cb.kz), Мемлекеттік несие бюросының (id.mkb.kz) сайттары мен мобильді қосымшалары, сондай-ақ eGov Mobile қосымшасындағы «Салықтар және қаржы» бөлімі. Осы ресурстардан алынған деректер заң тұрғысынан тең дәрежеде жарамды.
Контекст
Несие есебінен қате мәлімет шықса, оны түзету 2026 жылы жеңілдей түсті. Мысалы, жабылып кеткен несие немесе мүлдем рәсімдемеген заем шықса, ол деректерге онлайн түрде наразылық білдіруге болады.
«Ол үшін eGov.kz порталы немесе несие бюросының сайтында «Несие тарихындағы ақпаратты даулау» қызметін таңдап, өтінішке қарыздың жабылғанын растайтын құжаттарды – түбіртектер, анықтамалар немесе банк көшірмесін жүктейсіз. Өтінішіңіз 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Қате расталған жағдайда деректер тегін түзетіледі», – деп хабарлады eGov.kz.
Қорыта келгенде, несие есебі – сіздің қаржылық паспортыңыз. Мамандар оны кем дегенде жылына бір рет тексеріп отыруды ұсынады. Өйткені бұл қаржылық қауіпсіздігіңізді сақтауға және алаяқтар рәсімдейтін жалған несиелерден қорғануға көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







