Көктем келгенде Алматының ажары мүлде бөлек ашылады. Ағаш бүр жарып, көше бойы құлпырып сала береді. Ауа жеңілдеп, қала тынысы өзгереді. Осындай шақта көгалдандыру мәселесі жай көріктендіру науқаны болып қалмайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл Алматыда көгалдандыру жұмысы кең ауқымда жүріп жатыр. Қаланың әр аумағында жаңа ағаш отырғызылып, жасыл желекті көбейтуге басымдық берілген. Қала әкімі Дархан Сатыбалды да ағаш егу шараларына белсенді қатысып, шаһардың болашағы мен экологиялық тепе-теңдігін сақтаудың мәніне тоқталды. Қала үшін мұндай ұстаным аса маңызды. Себебі алып мегаполисте әр отырғызылған ағаш – шаңды азайтатын, ауаны тазартып, көлеңке беретін тірі қорған.
2026 жылы егу жұмысының ауқымы едәуір ұлғайды. Жоспар бойынша биіктігі 5-6 метр болатын 7,2 мыңнан астам ірі ағаш отырғызылады. Мұндай көшеттердің артықшылығы анық. Олар жерге тез бейімделеді, қысқа уақыт ішінде саялы орта қалыптастырады, қаланың ауа сапасына да жылдам әсер етеді. Яғни мәселе тек сан қуалауда емес, сапалы көгалдандыруға бет бұруда болып отыр.
Қаланы гүлдендіру ісі де биыл қарқын алған. Гүлзарлардың жалпы аумағы 387 953 шаршы метрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 77 пайызға артқан. Санның өзі көп жайтты аңғартады. Қала көшелері, жол жиегі, көлік тораптары мен бөлгіш белдеулер енді тек техникалық инфрақұрылым кеңістігі болып қалмай, көркем әрі жайлы ортаға айналып келеді. Гүлдер, сәндік бұталар және түрлі өсімдіктер отырғызу арқылы Алматының келбеті біртіндеп жаңарып жатыр.

Қазір тік көгалдандыру жүйесіне де басымдық беріліп отыр. Мұндай тәсіл әсіресе тығыз салынған урбанистік кеңістікте өте ұтымды. Бір жағынан ол шаһардың эстетикасын күшейтеді, екінші жағынан ыстықты бәсеңдетуге, шаңды азайтуға және көшелердің жалпы микроклиматын жақсартуға көмектеседі. Әсіресе жаздың аптап ыстығы күшейген кезде мұндай шешімдердің пайдасы анық сезіледі.
Алматы көшелері 77 пайызға көркейді
Жұмыстар тек орталық бөлікпен шектелмейді. Жүргіншілер аймағы, ірі магистральдар, қалалық саябақтар – бәрі қамтылып жатыр. Ең маңыздысы, егіліп жатқан өсімдіктер жергілікті климатқа бейімделген. Олар жазғы ыстыққа төзімді. Демек көгалдандыру жұмысы маусымдық көрініс үшін емес, ұзақ мерзімге есептелген жүйелі шара ретінде жүргізілуде.
Алматы үшін жасыл желек – сәндік элемент қана емес. Ол экология, денсаулық, жайлы өмір сапасы деген ұғымдармен тікелей байланысты. Қала өскен сайын бетон мен көлік көбейеді. Соған қарсы тепе-теңдік сақтайтын күш – ағаш, көгал, саябақ, гүлзар. Сондықтан бүгін отырғызылған әр көшет ертеңгі Алматының тынысын айқындайды. Көктемгі көгалдандыру науқанының салмағы да осында. Қала тек әсем болу үшін емес, өмір сүруге қолайлы болу үшін жасылдануы керек.
Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртып, көшелердің жарықтандыру жүйесін дамытуға ерекше мән беруде. Осы бағыттағы жұмыстардың қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы аудан әкімі тілшілерімізге Абзал Егембердиев айтып берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







