Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметке инфляциямен күресті күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Наурызда баға өсімі 11 пайызға дейін баяулағанымен, Үкімет басшысы жүйелі жұмысты босаңсытпау қажет екенін ескертті.
Премьер сөзінше, негізгі міндеттің бірі мораторий аяқталғаннан кейін де жанармай бағасының шарықтауына жол бермеу. Сол себепті үкімет отын, көлік және коммуналдық қызмет саласында алдын ала түсінікті, болжамды тариф саясатын қалыптастырмақ.
Олжас Бектенов азық-түлік нарығындағы жасанды қымбатшылық мәселесіне де арнайы тоқталды.
Оның айтуынша, базарларда заңсыз әрекет ететін, бағаны негізсіз көтеретін ұйымдасқан топтар бар. Премьер көкөніс, жеміс-жидек, ет және өзге де тауар құнының орынсыз өсуі көбіне өнім өндірмейтін, бірақ табысқа ортадан килігетін делдалдардың кесірінен ушығып отырғанын ашық айтты.
Үкімет басшысы аталған түйткілмен Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және бәсекелестікті қорғау саласына жауапты орган айналысуы керек екенін тапсырды. Мақсат азық-түлік тізбегіндегі көлеңкелі ықпал мен бағаға заңсыз қысым жасайтын топтардың жолын кесу.
Сонымен қатар…
Ауыл шаруашылығы министрлігіне көкөніс пен сүт өнімін өндіру көлемін арттыру, жылыжай шаруашылығын күшейту жүктелді. Сауда министрлігі әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сақтау мен логистика тетігін жетілдіруге тиіс.
Осылайша, үкімет инфляцияны тежеуді тек монетарлық шарамен емес, нарықтағы делдалдық қысымды әлсірету, ішкі өндірісті ұлғайту және тауар айналымын реттеу арқылы қатар жүргізуге ниет танытып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







