Үйге сымды интернет тартудың ең сенімді жолы әдетте Ethernet кабелі саналады. Бірақ әр бөлмеге кабель жүргізу көп адамға ұнамайды. Қабырғаны тесесің, сым шашылып жатады, жөндеу жұмысы керек болады. Осындайда көпшілік Wi-Fi-ға сүйенеді. Алайда оның сапасы үйдің көлеміне, қабырға қалыңдығына, роутер тұрған орынға тікелей байланысты. Әлсіз сигнал кезінде фильм көру де, видеоқоңырау жасау да, жай интернет қарау да ыңғайсыз болып кетеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сондықтан қазір кабель төсемей-ақ, үй ішінде «сымды» байланысқа жақын тұрақты интернет алудың екі танымал жолы бар. Оның бірі – MoCA технологиясы, екіншісі – Powerline адаптерлері. Екеуінің де мәні бір: үйде бұрыннан бар сымды пайдалану. Яғни жаңа Ethernet кабелін бүкіл үйге сүйремейсіз, соның орнына қабырға ішінде жатқан дайын жүйені іске қосасыз.
MoCA технологиясы коаксиал кабель арқылы жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, теледидарға не кабельдік жүйеге арналған дөңгелек ұялар бар ғой, солар іске жарайды. Көп үйде мұндай сым бұрыннан тартылған. Ethernet кабелі көрінбесе де, коаксиал желі қабырға ішінде дайын тұрады. Артықшылығы да осында. Үйдің әр жеріндегі сол ұялар арқылы интернетті тұрақты таратуға болады.
Әрине, коаксиал ұяға интернет сымын тікелей тыға салмайсыз. Ол үшін арнайы MoCA адаптері керек. Бір адаптер роутер тұрған жаққа қойылады. Екіншісі интернет керек бөлмеге орнатылады. Мысалы, қонақ бөлмеде роутер тұрса, соның жанына MoCA адаптерін жалғайсыз. Кейін ол коаксиал ұя арқылы сигналды қабырға ішіндегі сыммен басқа бөлмеге жібереді.
Екінші бөлмедегі адаптер сол сигналды қабылдап, оны компьютерге не басқа құрылғыға Ethernet арқылы береді. Кейбір роутер не модемнің өзінде MoCA қолдауы болады. Ондайда қосымша адаптер саны азаюы мүмкін.
Екінші жол – Powerline. Мұнда интернет үйдің электр желісі арқылы беріледі. Яғни ток розеткасы интернет жолына айналады. Оның жұмысы да ұқсас. Бір адаптер роутерге жақын тұрған розеткаға қосылады. Екіншісі интернет керек бөлмедегі розеткаға жалғанады. Содан кейін сол бөлмеде құрылғыны кабельмен қосып, интернетке тұрақтырақ шығуға болады. Мұның ыңғайы – теледидар ұясы жоқ жерде де электр розеткасы арқылы жұмыс істей беретіні.
Контекст
Бірақ осы екі тәсілдің де сапасы үйдегі сымның жағдайына байланысты. Егер үй ескі болса, ішкі желі тозған болса немесе сым сапасы нашар болса, байланыс баяулап не тұрақсыз болуы мүмкін. Ал сымдар дұрыс тартылған, жүйе таза болса, мұндай шешім әжептәуір жақсы нәтиже береді. Кей жағдайда жылдамдық 1000 Мбит/с деңгейіне дейін жетуі мүмкін. Бірақ соңғы нәтиже интернет провайдеріне де тәуелді.
Қысқасы, үйде Ethernet кабелін қайта төсемей-ақ, интернетті тұрақтырақ етудің нақты жолы бар. Егер үйде коаксиал ұялар болса, MoCA жақсы шешім. Ал ондай ұя жоқ, бірақ электр желісі қалыпты болса, Powerline көмектеседі. Екі тәсіл де Wi-Fi-дан сенімдірек жұмыс істеуі мүмкін. Әсіресе компьютер, теледидар, ойын приставкасы секілді тұрақты жылдамдық керек құрылғылар үшін осындай нұсқа өте ыңғайлы.
Үйдегі Wi-Fi әлсіреуінің себебі кейде күтпеген жерден шығады. Солардың бірі аквариум немесе суға толы үлкен ыдыстар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







