Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай экономиканы әртараптандыру мен халықтың әл-ауқатын нақты көтеру бойынша Қоғамдық кеңес мүшелерімен есептік кездесу өткізіп, өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар да айқындалды. Әкімнің айтуынша, өткен жылы облыс экономикасында тұрақты оң серпін сақталған. Өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс, көлік және сауда салаларында өсім байқалған.
Сонымен бірге өңір экономикасының мұнай-газ бен тау-кен секторына тәуелділігі әлі де жоғары екені ашық айтылды. Осы жағдай Маңғыстау үшін жаңа өсім нүктесін табу мәселесін алдыңғы орынға шығарып отыр. Нұрдәулет Қилыбайдың сөзінше, ендігі міндет қолдағы қарқынды сақтап қалумен шектелмейді. Негізгі мақсат – шикізатқа сүйенген модельден біртіндеп шығып, жұмыс орны көп ашылатын, инфрақұрылымы мықты, ішкі нарығы кеңейген өңірлік экономиканы қалыптастыру.
Облыс әкімі әр жоба қағаздағы жоспар болып қалмай, тұрғын тұрмысына тікелей әсер етуі керек екенін атап өтті. Яғни жаңа кәсіпорын, жаңа бағыт, жаңа инвестиция ақыры халықтың табысына, жұмысқа орналасуына, күнделікті өмір сапасына қызмет етуге тиіс. Осы логикамен алдағы жылдары көлік-логистика әлеуетін күшейтуге, сауда аясын кеңейтуге және шағын әрі орта бизнесті қолдауға басымдық берілмек.
2026-2032 жылдар аралығында өңірде 73 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Күтілетін нәтиже – шамамен 11 мың жаңа жұмыс орны.

Мұндай бастамалар Маңғыстауды халықаралық көлік-логистика тізбегіндегі маңызды тораптың біріне айналдыруға бағытталған. Каспий маңындағы өңір үшін осы бағыттың мәні үлкен. Себебі транзит, қойма, сауда және өңдеу саласы қатар дамыса, экономика бір ғана шикізат арнасына байланып қалмайды.
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңғырту да негізгі күн тәртібінде тұр. Өңірде ауызсу тапшылығын азайту, энергетикалық жүйені жаңарту, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын дамыту бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
Онымен қатар туризм, балық шаруашылығы, түйе шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі бағытында жаңа экономикалық кластер қалыптастыру көзделген. Осы салалар Маңғыстауда тек қосымша табыс көзі ретінде емес, болашақтағы тұрақты тірек бағыт ретінде қаралып отыр.
Түйін
Кездесу барысында облыстық мәслихаттың 2025 жылғы жұмысы да қорытындыланды. 32 депутаттың қатысуымен 6 сессия өтіп, 99 шешім қабылданған. Облыс бюджеті кезең-кезеңімен нақтыланып, қоғамдық көлік бағыттары қайта қаралған, әлеуметтік маңызы бар жаңа маршрут іске қосылған. Тұрғын көтерген өзекті түйінге байланысты 147 депутаттық сауал жолданған.
Қоғамдық кеңестің жұмысы да бөлек аталды. 2025 жылы 19 отырыс өткізіліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, экология және бюджет саясатына қатысты мәселе қаралған. Осы алаң халық пен билік арасындағы байланысты күшейтетін, қоғамдық бақылауды нақты мазмұнмен толықтыратын тетік ретінде сипатталды.
Кездесу соңында Қоғамдық кеңес мүшелері өз ұсынысын ортаға салып, өңірдің тұрақты дамуы үшін алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Жалпы жиыннан аңғарылғаны – Маңғыстау енді тек мұнайлы аймақ ретінде емес, логистикасы, өндірісі, туризмі мен тұрмыс инфрақұрылымы қатар дамитын өңір ретінде жаңа кезеңге бейімделіп жатыр.
Ақтауда «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







