Қазақстанда ең төменгі жалақыны бірден екі есе арттыру отандық бизнеске соққы болуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов мұндай шешімдер математикалық есеппен емес, бизнестің нақты табыс көрсеткіштеріне сүйене отырып қабылдануы тиіс деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның сөзінше, ел экономикасы мен кәсіпкерлердің табысы соңғы 12 жылда екі есе өспеген, демек жалақыны бірден екі есе көтерудің де экономикалық негізі жоқ.
«Ең төменгі жалақыны көтеру идеясы дұрыс, бірақ оны бірден екі еселеу қате қадам. 12 жыл ішінде біздің экономикамыз да, кәсіпкерлердің айналымы да екі есеге өскен жоқ. Бұл жерде нақты логика керек. Бірден екі есе көтеру бизнес үшін өте ауыр болады. Барлық есепті жай ғана екі еселеп, салықтарды төмендетпесек, мәселені калькулятормен ғана шешкендей боламыз. Экономикаға жауапты адамдар мұны түсінуі тиіс», – деді депутат.
Оның айтуынша, мемлекет төменгі жалақыдан алынатын салықтарды азайту арқылы кәсіпкерлерге жеңілдік жасағаны дұрыс.
«Менің ұсынысым – жалақыға салынатын салықтарды қысқартып, бірыңғай төлем жүйесін енгізу арқылы жүктемені кемінде 25%-ға азайту. Сонда «көлеңкеде» жүрген 2 миллионға жуық адам заңды жұмысқа шығады. Бұл олардың болашақта зейнетақы, медициналық және әлеуметтік кепілдікке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Қазір көлеңкеде жүргендер зейнетке шыққанда не болады? Мемлекет оларға жауап бере ала ма? Осы мәселе үлкен алаңдаушылық тудырады», – деді Қошмамбетов.
Депутаттың пікірінше, жалақыны әкімшілік жолмен емес, салықты төмендету арқылы еңбек қатынастарын заңдастыру ғана әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі болмақ.
Бұл ұсыныстар алдағы уақытта жаңа Салық кодексін әзірлеу барысында кеңінен талқыланбақ. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды «көлеңкеден» шығару мәселесі – жаңа құжаттың басты басымдығының бірі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







