Алматыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтіп, Үлкен Алматы өзенінің жағалауы Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейін толық тазартылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тазалық жұмыстары негізінен Әуезов ауданында жүргізілді. Негізгі күш өзен жағалауы мен оған іргелес жатқан аумақтарды ретке келтіруге жұмылдырылды. Іс-шараның мақсаты қоршаған ортаның жағдайын жақсарту, қалалық кеңістікті көркейту және тұрғындар арасында тазалыққа деген жауапкершілікті күшейту болды.
Сенбілікке Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, аудан әкімі, әкімдік қызметкерлері, қалалық басқарма өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледждердің, мектептер мен емханалардың ұжымдары, сондай-ақ аудан тұрғындары мен жастар қатысты. Жалпы алғанда, шараға 2500-ден астам адам тартылды.
Ауқымды жұмыс барысында 25 арнайы техника қолданылып, 2500-ге жуық құрал-сайман пайдаланылды. Нәтижесінде 300 текше метр қоқыс шығарылды. Өзен жағалауы мен маңайдағы қоғамдық кеңістіктер толық санитарлық тазартудан өтті.
Жоспарланған тазалау, абаттандыру және көгалдандыру шаралары толық орындалды. Осындай сенбіліктер қала аумағын ретке келтіріп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, Алматының тазалығын тұрақты сақтауға да ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







