Қазақстанда күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек көрінетін әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік пен айыппұлдар қарастырылған. Түнде шулау, қоқыс лақтыру немесе үй жануарларын дұрыс ұстамау сияқты қарапайым ережелерді елемеу қалтаңызға ауыр тиюі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Полиция, өрт сөндірушілер немесе жедел жәрдемді себепсіз шақырған адамға ең ауыр жаза белгіленген. Мұндай әрекет үшін айыппұл 60 АЕК (259 500 теңге). ІІМ өкілдерінің айтуынша, жалған шақырулар құтқару қызметтерінің жұмысын қиындатып, шұғыл көмекке мұқтаж адамдардың өміріне қауіп төндіреді.
Қоқыс пен тазалық ережесін бұзу: подъезден аулаға дейін
Ең жиі кездесетін құқық бұзушылық қоғамдық орындарды ластау:
- подъезд пен аулаларға қоқыс тастау;
- белгіленбеген жерлерге қалдықтарды қалдыру;
- көпшілік пайдаланатын орындарды ластау.
Осындай әрекеттер үшін 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту қарастырылған. Сондай-ақ көлік терезесінен қоқыс лақтыру үшін ескерту немесе 3 АЕК (12 975 теңге) айыппұл салынады.
Аула мен подъезд тазалығы: үйреншікті әдеттер айыппұлға әкелуі мүмкін
Көпқабатты үй тұрғындары жиі ескермейтін тағы бір топ ереже бар:
- үйдің айналасына қоқыс жинау;
- көпқабатты үйдің ауласында көлік жуу;
- велосипед немесе балалар арбасын подъезде сақтау;
- ортақ пайдаланатын орындарға заттарды рұқсатсыз қою.
Бұл әрекеттер үшін ескерту немесе 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Нақты тәртіпті жергілікті әкімдіктер бекітеді, сондықтан әр аймақта ережелер әртүрлі болуы ықтимал.
Үй жануарларын ұстау: иелердің жауапкершілігі күшейтілді
Үй жануарларын күтіп-ұстауда да нақты ережелер бекітілген. Жиі тіркелетін бұзушылықтар:
- итті белгіленген ережесіз серуендету;
- жануардың артынан тазалық жұмыстарын жүргізбеу;
- жергілікті талаптарды ескермеу.
Бұл үшін 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл төлеуге тура келеді.
Түнгі тыныштықты бұзу: жиі кездесетін жанжал себебі
Ең жиі тіркелетін құқық бұзушылықтардың бірі тыныштықты бұзу. Шуға қатысты рұқсат етілмеген уақыт:
- жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін;
- демалыс күндері сағат 23:00-тен 10:00-ге дейін.
Көбіне шағымдар жөндеу жұмыстары, қатты музыка және айғай-шудан туындайды. Бұзғаны үшін алғашында 5 АЕК (21 625 теңге), қайталанса 10 АЕК айыппұл төленеді.
Автоматты түрде анықталатын құқық бұзушылықтар
ІІМ мәліметінше, бірқатар бұзушылықтарды полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз, бейнекамералар тіркеп отырады. Олар:
- жылдамдықты асыру;
- қауіпсіздік белдігін тақпау;
- автобус жолымен жүру;
- бағдаршамның қызыл шамына өту;
- сақтандыру полисінің жоқтығы.
Азаматтар полицияға қандай мәселелер бойынша көп шағымданады?
Көптеген шағымдар тұрғындардың өзінен түседі. Қазақстандықтар полицияға негізінен:
- шу;
- аулалардағы көлік тұрақтарын дұрыс пайдаланбау;
- қоқыс;
- агрессивті мінез-құлық;
- ит серуендету ережелерінің бұзылуы туралы жиі шағымданады.
ІІМ өкілдері ескерткендей, ұсақ-түйек саналған әдеттердің көбі шын мәнінде әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Осындай ережелерді сақтаудың басты мақсаты қоғамдық тәртіпті нығайтып, қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру.
Айтқандай, 12 наурыздан бері Қазақстан жолдарындағы камералар жаңа сипаттағы бірқатар заңбұзушылықты тіркей бастады. Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







