Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммитте І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің инновациялық жобалары көпшілік назарына ұсынылып, жоғары баға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан маңызды жиында экология, жасыл технологиялар мен тұрақты даму мәселелері сөз болды. Саммит аясында ұйымдастырылған көрмеде Қазақстанның үздік университеттері өздерінің ғылыми-инновациялық жетістіктерін таныстырды.
Көрмені аралаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жетісу университетінің жобаларына ерекше назар аударып, олардың ғылыми және практикалық маңызын атап өтті.
Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев екі негізгі бағыттағы жобаларын таныстырды:
Біріншісі – «Green Zhetysu University» жасыл экономика мен қалдықсыз технологиялар бағыты. Мұнда сирек өсімдіктерді in vitro технологиясымен көбейту, қара сарбаз шыбынының дернәсілдері арқылы тамақ қалдықтарын өңдеу, геномдық және жеделдетілген селекция әдістері қолданылған.
Екінші бағыт – «Университеттің Smart экожүйесі». Бұл бағытта «Smart Zhetysu» цифрлық платформасы іске қосылып, жоғары білім берудің бірыңғай платформасымен интеграцияланған. Одан бөлек, инклюзивті ортаны дамыту үшін AI-DOS атты дауыстық көмекші жасалды.
Көрмеде университеттің стартап-жобалары да көрсетілді. Олардың ішінде электр көліктері, мүгедектер арбасына арналған қондырма, пластикалық қалдықтардан жіп өндіруге арналған құрылғы және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін автономды дрон ерекше қызығушылық тудырды.
Айта кетейік, Жетісу университеті UI GreenMetric World University Rankings халықаралық рейтингінде әлем бойынша 721-орынға, ал Қазақстан жоғары оқу орындары арасында 7-орынға тұрақтап, экологиялық бағыттағы жетістіктерін дәлелдеді.
Саммит пен көрме экологиялық білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді.
Депутат Азат Перуашев арнайы салық режимі бойынша ел аумағына ортақ бірыңғай мөлшерлеме енгізу мәселесін қайта көтерді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







