Мәжілісте жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңға енгізілетін түзету жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірақ талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мектептерді қайтадан аудан әкімдеріне бағындыруға үзілді-кесілді қарсы шықты.
Аймағамбетов нені қауіпті деп отыр
Депутаттың айтуынша, қазір Қазақстан мектептерінде 4 миллион бала оқып жүр. Олар Мәжіліс мінберіне шығып, заң жобасына қарсы дау айта алмайды. Бірақ залда қабылданатын әр шешім солардың ертеңіне тікелей әсер етеді.
«Қазір біздің мектептерде 4 миллион бала оқиды. Шынын айтсақ, олар мұнда қандай заң қабылданып жатқанын білмейді. Олар осы түзетуге қарсы шыға алмайды. Бірақ осы залда қабылданатын заң әрқайсысының тағдырына тікелей әсер етеді. Мәселе неде? Мәселе мектептерді қайтадан аудан әкімдеріне бағындырғысы келіп отыр. Әңгіме 4 миллион баланың болашағы туралы», деді Асхат Аймағамбетов.
«Билік бергің келсе, шын билік бер»
Түзетуді жақтаушылардың негізгі уәжі де белгілі: аудан әкімдерінің қолында ықпал ету тетігі аз, сондықтан оларға қосымша өкілет керек. Бірақ Аймағамбетов мұндай қисынның селкеу тұсын ашық көрсетті.
Оның сөзінше, егер мақсат шынымен әкімдердің өкілетін кеңейту болса, онда неге оларға салықты, неге полицияны бермейді? Себебі мұндай шешімнің салдары ауыр екенін бәрі түсінеді. Депутат дәл осы жерден негізгі қайшылықты нұсқады: мемлекет тәртіп пен қаржы мәселесінде әкімдерге толық сенбейді, бірақ балалар тағдырына келгенде әлдеқайда жеңіл шешім қабылдауға әзір.
«Мектеп бұрын ең соңғы орында тұратын»
Аймағамбетов мұны сырттан қарап айтқан жоқ. Ол аудандық та, қалалық та, облыстық та әкімдікте жұмыс істегенін еске салды. Сол тәжірибесіне сүйеніп, ескі басқару жүйесінде мектеп әрдайым басымдық тізімінің соңында қалатынын айтты.
Оның пікірінше, 2021 жылғы реформа ең алдымен облыстық білім вертикалін қайта сүзгіден өткізіп, 30 жыл бойы ашылмаған талай мәселенің бетін ашты. Соның ішінде жемқорлық схемалар да болған.
«Ескі басқару жүйесінде мектеп әрдайым ең соңғы басымдықтың бірі болатын. Білімді сол күйге қайта түсіргіміз келе ме? 2021 жылғы реформа не берді? Ең алдымен, ол 30 жыл бойы болмаған облыстық вертикаль аудитіне айналды. Онда ондаған жыл бойы жасырын келген жемқорлық схемалар әшкереленді. Ал аудандық деңгейге қайту сол жүйеге қайта оралу», деді депутат.
«Мұғалімді массовкадан арашаладық»
Аймағамбетов ең өткір ойының бірін мұғалім мәртебесіне қатысты айтты. Оның сөзінше, реформаға дейін ұстаздар білім беруден гөрі түрлі науқан мен ұйымдастыру жұмысына көбірек жегіліп келген. Ал жаңа жүйе сол қыспақты әлсіреткен.
«Біз педагогті қорғадық. Жылдар бойы мұғалімді массовка ретінде пайдаланды, оны бәріміз білеміз. Реформадан кейін мұғалім ақыры сабақ бере бастады, директор мектеп басқаруға кірісті», деді ол.
Депутат соңғы төрт жылда нақты нәтиже барын айтты. Ал алдыңғы 30 жылдағы жүйе білімге не бергенін қайта таразылауға шақырды.
Толық қайтармай, аралас модель ұсынды
Аймағамбетов тек қарсы шығумен шектелмеді. Ол гибридті модель ұсынды. Оның ойынша, білім мазмұнына қатысты негізгі мәселе облыстық деңгейде қалуға тиіс. Оған кадр, мектеп директорын тағайындау, аттестаттау, әдістеме, оқу бағдарламасы кіреді.
Ал шаруашылық бағыттағы міндеттерді әкімдікке беруге болады. Жылу, жарық, санитария, жөндеу, құрылыс секілді инфрақұрылымдық жүк аудан әкімдігінің мойнында қалсын дейді.
Осы ұстаным арқылы ол мектеп директорын шаруашылық меңгерушісіне айналдырмай, ең алдымен білім сапасына жауапты тұлға ретінде сақтап қалуды көздейді.
«Аудандық бөлімдер ешқайда жоғалған жоқ»
Депутат тағы бір кең тараған түсінікке де қарсы шықты. Оның сөзінше, ешкім аудандық білім бөлімдерін жауып тастаған жоқ. Олар қазір де бар, жұмыс істеп тұр. Айырмасы біреу ғана: бұрын аудан әкіміне бағынышты болды, қазір облыс әкіміне не облыстық білім басқармасына қарайды.
Сол себепті директорлар ауданмен байланысын үзіп кеткендей көрсету шындыққа жанаспайды деген ой айтты.
Түйін
Мәжілісменнің сөзінен бір негізгі уәж айқын шықты: мектепті аудан әкімдігіне толық қайтару жай басқару тетігін ауыстыру емес, білім саласын ескі жүйеге қайта итеру. Оның ұстанымы да осы жерде тұр: инфрақұрылым әкімдікке қарасын, бірақ оқу мазмұны мен мұғалім тағдыры саяси-әкімшілік қысымның астына қайта түспеуі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







