Банктер мен микрокредит ұйымдардан қысым көрген депутат Әбенов көпшілікке үндеу жолдады. Айтуынша, қаржы ұйымдарының лоббистері Мәжілісте елдің құқын қорғайтын заңды қабылдатпау үшін астыртын әрекетке көшкен. Мәселе бір жарым миллион адамның бұғатталған есепшотында болып тұр деп жазады Ertenmedia.kz.
Даудың төркіні нотариустардың сот шешімінсіз-ақ азаматтарды «борышкер» деп танып, олардың есеп-шотын бұғаттайтын «атқарушылық жазба» деген күмәнді механизмде жатыр. 2019 жылы енгізілген жүйе несие берушінің өтініші бойынша азаматтың сыртынан шешім шығарып тастайды екен. Нәтижесінде борышкердің есепшоты бұғатталып, шетелге шығуға және басқа да құқығына шектеу қойылады.
«Микрокредиттік ұйымдар бейберекет қарыз үлестіреді. Кейін сол қарызды қайтару үшін нотариусқа жүгініп, борышкердің сыртынан шешім шығартып алады. Бір нотариустың екі күн ішінде 36 мың шешім шығарғанын көріп, екі көзім атыздай болды! Бұл ма, бұл барып тұрған сорақылық әрі елдің құқығын көпе-көрнеу таптау» – деді депутат.
Әбенов әлгі талапты тез арада түзету үшін арнайы заң жобасын ұсынған. Ол бойынша нотариустың «атқарушылық жазбасы» арқылы қарызды өндіріп алу азаматтың нотариалды расталған келісімімен ғана жүзеге асырылуы керек. Барлық басқа даулы мәселе тек ашық сотта қаралуы тиіс.
«Кредитор нотариуске жүгінгенде, борышкер қарызды мойындайтынын нотариалды түрде растап, келісімін беруі шарт. Коллекторлар да қарызды сатып алғанда, азаматқа жеке хабар беріп, оның келісімін алуға міндетті. Микрокредиттік ұйымдар өсірген айыппұл мен өсімдерді азамат мойындамаған жағдайда, кредитор сотқа жүгінуі тиіс», – деп түсіндірді Әбенов.
Депутаттың бастамасын Жоғарғы сот та қолдап, атқарушылық жазба бойынша жаппай заң бұзушылықты растаған-тын. Дегенмен заң қабылданар тұста Мәжілісте күбір-сыбыр көбейіп, түрлі кедергілер пайда бола бастаған. Депутаттың айтуынша, МҚҰ мен банктердің мүддесін қорғайтын лоббистер заң жобасын кейінге қалдыруды сұрап, қысым көрсетуде.
«Әзірде ғана әріптестерім хабарласып, заң жобасынан бас тартуымды сұрады. Егер ертең де осылай жалғасса, азаматтардың құқығын қорғауға қарсы шыққан лоббистердің, әріптестердің, басқа да тұлғалардың есім-сойын елге ашық жариялаймын. Халықтың мүддесін банктер мен коллекторларға сатқандарды ел біліп жүруі керек. Мен райымнан, соңына дейін барамын», – деп қорытындылады Мұрат Әбенов.
Қоғам назарын аударған заң жобасының тағдыры енді Мәжілістің алдағы пленарлық отырысында шешіледі. Бізге жеткен мәлімет бойынша алдағы уақытта әлемжеліде Әбеновқа қарсы ақылы посттар жазылып, провокация күрт күшейуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







