Наурыздан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарнасы есебінен төлемді алу тәртібі жеңілдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді зейнет жасына жеткен адамның БЖЗҚ-да ерікті жарнадан жиналған ақшасы болса, қор оған төлемді жеке өтінішсіз-ақ тағайындайды.
Мұндай өзгеріс бір қарағанда техникалық жаңалық секілді көрінгенімен, астарында маңызды мәселе тұр. Бұған дейін азаматтың өз атына жиналған ерікті қаражат қорда жатып қалып, иесі соны алуға арнайы жүгінбесе, ақша сұраусыз қала беруі мүмкін еді. Енді сол түйткілдің жолы кесіле бастады.
Жаңа тәртіп қалай жұмыс істейді
Өтінішсіз төлем зейнет жасына жеткен адам мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны немесе міндетті зейнетақы жарнасы, не міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы есебінен берілетін төлемді рәсімдеген кезде қатар іске қосылады.
Яғни азамат зейнетке шығу рәсімін бастаған сәтте, егер оның ерікті зейнетақы жарнасынан жиналған қаражаты бар болса, БЖЗҚ сол төлемді де автоматты түрде тағайындайды.
Қаражат қалай беріледі
Төлемнің екі жолы қарастырылған. Егер ерікті жарнадан жиналған сома 12 ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспаса, ақша біржолғы төлем ретінде беріледі. 2026 жылғы есеппен мұндай шек 828 588 теңге болып отыр.
Ал сома аталған межеден жоғары болса, төлем ай сайын жүргізіледі. Ол міндетті жарналар есебінен берілетін зейнетақымен бірге, қаражат толық таусылғанша төленіп отырады.
Азаматқа таңдау құқығы сақталады
Автоматты тәртіп енгізілгенімен, төлем шартын өзгерту мүмкіндігі жойылған жоқ. Қаражат иесі қажет деп тапса, БЖЗҚ-қа жүгініп, төлем тәртібін қайта қарата алады.
Яғни жүйе ақшаны өз бетінше бастап береді, бірақ оның қалай төленетініне ықпал ету тетігі азаматтың өз қолында қалады.
Кімдерге қатысты жүреді
Проактивті, яғни өтінішсіз формат зейнет жасына жеткен және осыған дейін ерікті зейнетақы жарнасы бойынша төлем алуға жүгінбеген адамдарға қолданылады.
Мұнда бір маңызды ескерту бар. Ерікті жарна есебінен төлем алу құқығы тек зейнет жасына жеткендерге ғана тән емес. 50 жасқа толған азаматтар мен мүгедектігі бар адамдар да ондай төлемді ала алады. Бірақ олар үшін автоматты рәсімдеу қарастырылмаған, сондықтан өздері өтініш беруге тиіс.
50 жастағылар мен мүгедектігі бар адамдар не істеуі керек
Егер адам 50 жасқа толса немесе мүгедектік мәртебесі болса, ерікті жарнадан төлем алу үшін БЖЗҚ-ға өзі жүгінеді.
Оны бірнеше жолмен жасауға болады:
- enpf.kz сайты арқылы,
- қордың мобильді қосымшасында,
- не БЖЗҚ кеңсесіне барып рәсімдеу арқылы.
Демек, жаңа жеңілдік ең алдымен зейнет жасына жетіп, өз еркімен өтініш бере қоймаған азаматтарға арналған.
Неге мұндай қадам жасалды
БЖЗҚ түсіндіруінше, өзгерістің негізгі мақсаты төлем алу рәсімін оңайлату және сұраусыз қалып қоятын зейнетақы жинағының алдын алу. Қарапайым тілмен айтқанда, адам өз ақшасын ұмытып кетпеуі керек. Жүйе енді соны өзі еске түсіріп қана қоймай, төлемді де өзі бастап береді.
Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген танымал сарапшы зейнетке қор жинаудың ең ұтымды уақытын айтқан болатын. Тезірек біліп алыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







