Қазақстанда фермерлерге жеңілдетілген несие алу үшін малды міндетті түрде чиптеу талабы қойып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа заң жобасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мал басын өз қаражатына чиптеу міндеттелмек.
Министрлік соңғы екі жылда 23 субсидия түрінен бас тартып, енді тікелей субсидиялаудан жеңілдетілген несиелеуге көшуге ниетті.
– Несие алғысы келген фермер міндетті түрде мал басын чиптеуі тиіс. Бұл алынған қаржының мақсатты түрде пайдаланылуын қадағалауға мүмкіндік береді. Осы жүйеге біртіндеп көшетін боламыз, – деді Бердалин.
Қазір министрлік малдың есебін жүргізетін ескі деректер базасын жаңа орталыққа ауыстырып жатыр. Чиптеу – мал басын нақты есепке алудың негізгі тәсілі ретінде қарастырылып отыр.
Айтқандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәлімет бойынша, бүгінде агроөнеркәсіптік кешендегі субсидияның жалпы берешегі 341,3 млрд теңгеге жеткен. Оның 152,2 млрд теңгесі несие пайызын субсидиялауға тиесілі екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







