Қаржы мониторингі агенттігі оқушыларға қаржылық сауат пен алаяқтыққа қарсы сақтықты ойын арқылы түсіндіретін жаңа цифрлық жоба әзірлеген болатын. Жоба 10-11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған. Оның басты мақсаты жасөспірімге күмәнді ұсынысты, жалған инвестицияны, телефон алаяқтығын және әлеуметтік желідегі қауіпті схемаларды ерте тануды үйрету. Осы ретте Ertenmedia.kz тілішлері Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері Салтанат Көшербаева сұхбаттасып, қаржылық қауіпсіздік дағдысын мектеп жасынан қалыптастырудың маңызы туралы сөйлескен едік. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Салтанат ханым, Қаржы мониторингі агенттігі әзірлеген жаңа цифрлық жобаның негізгі мақсаты қандай?
– Басты мақсатымыз балалар мен жастарға қаржылық қауіпсіздікті өмірде кездесетін нақты жағдайлар арқылы түсіндіруді көздедік. Қазір алаяқтық схемалар өте жылдам өзгеріп жатыр. Телефон арқылы алдау, жалған инвестиция, әлеуметтік желідегі күмәнді парақша, «жеңіл табыс» ұсынатын топ, спорттық бәс тігуге шақыру, жеке деректі сұрау сияқты қауіп түрлері өте көп. Жасөспірім мұндай жағдайды ерте танып үйренсе, ертең өз ақшасын да, жеке мәліметін де, отбасын да жақсы қорғай алады.
Қазіргі оқушы ақпаратты басқаша қабылдайды. Оған ұзақ лекция оқып, «мұндайға сенбе» деп айту аздық етеді. Олар жағдайды өзі көріп, таңдау жасап, қателік пен дұрыс шешімнің айырмасын сезінуі керек. Ойын форматы осыған мүмкіндік береді.
Бала виртуалды қалада жүріп, түрлі кейіпкермен сөйлеседі, телефон қоңырауына жауап береді, әлеуметтік желідегі ұсынысты қарайды, әр жерде шешім қабылдайды. Сол арқылы қаржылық сауат бір сабақтың ішінде тірі тәжірибеге айналады.
– Ойынның «Заң және тәртіп» нарративі аясында жасалуы нені білдіреді?
– «Заң және тәртіп» дегеніміз тек жазалау немесе бақылау емес. Бұл қоғамдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениеті. Біздер ойын арқылы жасөспірімге заңды сыйлау, күмәнді табыстан бас тарту, жеке деректі қорғау, алаяқтық белгісін байқау және жауапкершілікпен шешім қабылдау дағдысын бергіміз келді.
Бала виртуалды ортада бір шешім қабылдайды, бірақ сол шешім өмірдегі жағдайға ұқсайды. Осылайша ойын құқықтық және қаржылық мәдениетті бірге қалыптастырады.
Оын сценарийлер күнделікті өмірге жақын құрылған. Мысалы, кейіпкерге «жоғары пайызбен табыс табасың» деген ұсыныс келеді. Бір жерде телефон арқылы банк қызметкері болып сөйлейтін адам жеке дерек сұрайды.
Тағы бір сәтте әлеуметтік желідегі белгісіз парақша ұтыс немесе инвестиция ұсынады. Кей жерде спорттық бәс тігуге шақыруы мүмкін. Ойыншы осының бәрін тыңдап, оқып, салыстырып, дұрыс шешім қабылдауы керек. Әр дұрыс жауап үшін ұпай беріледі.
Біз баланы кез келген ұсыныстан қорқып, бәрінен бас тартуға үйретпейміз. Өмірде әр ұсыныс алаяқтық бола бермейді. Бірақ күмәнді белгі болатыны анық. Тым жоғары табыс уәдесі, асықтыру, жеке деректі сұрау, белгісіз сілтемеге өтуге мәжбүрлеудің қауіп зор екенін балалар ерте бастан бойларына сіңіреді. Бала осы белгіні таныса, эмоцияға ермейді. Қаржылық сауаттың өзегі де осы шешімді асығыс емес, ақылмен қабылдау.
– Жоба қай жастағы оқушыларға арналған?
– Негізгі аудитория 10-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері. Себебі осы жастағы балалар банк картасын қолданады, онлайн сауда жасайды. Кейбірі қосымша табыс іздей бастайды. Олар үшін қаржылық қауіпсіздік өте маңызды.
Тапсырмалар ойлануды, салыстыруды және жауапкершілікпен таңдау жасауды талап етеді. Орта буындағы оқушылар үшін кейін бөлек, жас ерекшелігіне сай өнімдер әзірленуі мүмкін.
Ойынды бастан-аяқ ойнап шығу үшін бір сабаққа, яғни 45 минутқа есептелген. Біз оны мектеп бағдарламасына ауыр салмақ түсірмейтіндей етіп жасадық. Мұғалім бір сабақ ішінде тақырыпты түсіндіріп, оқушыларға ойынды өткізіп, кейін қысқаша талқылау жасай алады.
Қаржы мониторингі агенттігі мен Қаржы мониторингі академиясының мамандары бұл жобаға жарты жылға жуық уақыт жұмсады. Біз тек ойын жасап қана қойған жоқпыз. Өмірде жиі кездесетін алаяқтық схемаларды талдадық, жасөспірімдерге түсінікті тіл іздедік, тапсырмалардың мазмұнын пысықтадық.
Сюжеттер Оқу-ағарту министрлігімен келісілді. Мақсатымыз мектепке кіретін өнімнің мазмұны дұрыс, тілі түсінікті, тәрбиелік әсері нақты болуы.
– Оқушылар алғашқы сынақ кезінде ойынды қалай қабылдады?
– Елордадағы лицей оқушылары алғашқылардың бірі болып сыналды. Балалар қызығушылық танытты. Себебі олар өздеріне таныс ортамен бетпе-бет келді. Телефон, әлеуметтік желі, виртуалды қала, түрлі кейіпкер, ұсыныс, таңдау.
Ең қызығы, кейбір балалар тапсырманы орындап қана қоймай, өздері өмірде көрген күмәнді жағдайларын айтып, ойларымен бөлісті. Бірі әлеуметтік желідегі жалған ұтыс туралы айтса, бірі телефон алаяқтарының қоңырауын еске алды. Демек ойын әңгіме бастауға да жақсы мүмкіндік береді десек болады.
– Қазіргі жасөспірімдер қандай алаяқтық схемаларға жиі тап болуы мүмкін?
– Ең жиі кездесетіні «жеңіл ақша» уәдесі. «Аз ақша сал да, көп табыс ал», «досыңды шақырсаң, ақша түседі», «бәс тігіп ұтасың», «курьер болып тез ақша табасың» деген ұсыныстар жасөспірімге әсер етуі мүмкін.
Тағы бір қауіп жеке деректі беру. Бала банк картасының нөмірін, SMS-кодты, құпиясөзді немесе ата-анасының мәліметін байқамай бөлісуі мүмкін. Үшінші бағыт жалған интернет дүкендер мен әлеуметтік желідегі фейк парақшалар. Осындай қауіптерді ерте түсіндіру қажет.
– Қаржылық сауат дегенді көп адам ақша санау деп түсінеді, сіз қалай түсіндірер едіңіз?
– Қаржылық сауат тек ақша санау емес. Бұл өз табысыңды қорғау, күмәнді уәдеге ермеу, қарыз бен табыстың айырмасын түсіну, жеке деректі сақтау сынды ауқымы кең дүниеге айналғанын әрбір адам білуі керек.
Қазір бала ерте жастан цифрлық төлеммен, маркетплейспен, онлайн ойынмен, банктік қосымшамен танысады. Демек қаржылық қауіп те ерте келеді. Сондықтан сақтық дағдысы мектептен бастаудың мәні зор.
Бала күмәнді ұсыныс алса, қорықпай ата-анасына айтуы керек. Үйде ақша, карта, интернеттегі қауіп туралы ашық әңгіме болғаны дұрыс. Кейде ата-ана баласына банк картасын береді, бірақ оны қалай қорғау керегін түсіндірмейді.
SMS-кодты ешкімге айтпау, белгісіз сілтемеге өтпеу, оңай табысқа сенбеу, күмәнді жағдайда үлкендерден сұрау сияқты қарапайым ережелер күнделікті айтылуы тиіс. Қауіпсіздік отбасыдан басталады.
– Мұғалімдерге қандай әдістемелік көмек қарастырылған?
– Ойынның өзі сабақта қолдануға ыңғайлы етіп жасалды. Мұғалім оқушыға дайын жағдай береді, ал бала шешім қабылдайды.
Одан кейін сыныппен талқылау жасауға болады. Неге осы жауап дұрыс болды, алаяқтық белгісі қай жерде көрінді, қандай жағдайда ресми дереккөзге жүгіну керек деген сұрақтар қойылады. Мұндай тәсіл мұғалімге де жеңіл, оқушыға да қызық.
Алдағы уақытта үздік ойыншыларды анықтайтын конкурс өткізуді де жоспарлап отырмыз. Бұл балалардың қызығушылығын арттырары сөзсіз. Сонымен бірге ойынға жаңа сценарийлер қосу, мазмұнын кеңейту, өмірде пайда болып жатқан жаңа алаяқтық тәсілдерді енгізу ойымызда бар. Себебі алаяқтар бір орында тұрмайды, демек алдын алу жұмысы да жаңарып отыруы керек.
Жасөспірім бүгін күмәнді ұсынысты танып үйренсе, ертең ол өзін де, отбасын да қорғай алады. Қаржылық алаяқтықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес. Бұл қоғамның ортақ мәдениеті.
Бала, ата-ана, мұғалім, банк, мемлекеттік орган бәрі бір бағытта әрекет етуі керек. Біз ойын арқылы осы мәдениетті ерте қалыптастырғымыз келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







