Қазақстанда баспана нарығы әрі-сәрі күйде тұр. Жаңа үйлер салық, құрылыс талабы және ипотекалық сұраныс қысымымен қымбаттап барады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Наурыздағы дерек нарықтағы негізгі бұрылысты анық көрсетеді. Halyk Finance сараптамасына сүйенсек, жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі бір жылда 16,6 пайызға қымбаттаған. Қайталама нарықтағы өсім 11 пайыз деңгейінде қалып, жалпы инфляциямен шамаласқан. Бір ай ішінде жаңа үйлер 1 пайызға өссе, ескі пәтерлер 1,5 пайызға арзандаған. Яғни қазір қымбаттаудың негізгі ошағы жаңа құрылыста тұр.
Ең қатты қысым Астана мен Алматыда сезіледі. Наурызда жаңа үйлердің жылдық өсімі Астанада 20,7 пайызға, Алматыда 20,2 пайызға жеткен. Қайталама нарықта да Алматы алда: ескі пәтер бағасы бір жылда 15,4 пайызға көтерілген. Мұнда сұраныс та, көші-қон да, құрылыс жерінің тапшылығы да бағаны төмен жібермейтін факторға айналып отыр.
Бағаға ең әуелі жаңа Салық кодексі әсер етіп жатыр. 2026 жылдан бастап ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып белгіленді. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін құрылысы басталған немесе пайдалануға қабылданған тұрғын үйді сату ҚҚС-тан босатылады. Демек нарықта ескі ережемен басталған жобалар мен жаңа салықтық тәртіпке түскен жобалар қатар жүреді. Соның салдары бағада бірден емес, кезең-кезеңімен көрінеді.
Құрылыс кодексі де нарыққа қосымша салмақ салмақ
Жаңа құжат 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Онда қала құрылысы жобаларына міндетті сараптама, ПДП түзетуін шектеу. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры арқылы бақылау, сейсмикалық қауіпсіздік, электронды лицензиаттар тізілімі, ГАСК пен төтенше жағдай органдарының қабылдау процесіне қатысуы секілді талаптар қарастырылған.
Сапа мен қауіпсіздік үшін қажет қадам болғанымен, құрылыс компаниясы үшін әкімшілік және қаржылық шығын көбейеді. Ол шығынның бір бөлігі ерте ме, кеш пе шаршы метр бағасына кіреді.
Дегенмен нарықта тапшылық басталды деуге негіз аз. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтар-наурызда құрылыс жұмысының көлемі 14,8 пайызға өсіп, 1,23 трлн теңгеге жеткен. Үш айда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 3,8 пайызға артып, 3,87 млн шаршы метр болды. Яғни құрылыс тоқтап қалған жоқ. Бірақ жаңа талап пен салық қысымы компанияны жобаларды қымбат бағамен сатуға итермелейді.
Сұраныс та толық сөнген жоқ
Наурызда Қазақстанда 28 493 тұрғын үй мәмілесі тіркелді. Ақпанмен салыстырғанда өсім 3,9 пайыз болды. Соның 22 542-сі пәтер саудасына тиесілі. Көпқабатты үйдегі мәмілелердің негізгі үлесі Алматы мен Астанаға тиіп отыр.
Бір бөлмелі пәтер әлі де ең өтімді формат: наурызда 8 510 келісім дәл осы сегментте жасалған.
Ипотека нарығы бағаны бір жағынан ұстап, екінші жағынан қыздырып тұр. Ұлттық банк дерегіне қарағанда, ипотекалық ставкалар айтарлықтай өзгермеген, ал ипотекалық кредиттеу жеңілдетілген бағдарламалар арқылы қолдау тауып отыр. Жеңілдетілген ипотека сұранысты сақтайды. Бірақ базалық мөлшерлеме жоғары тұрған кезде нарықтық ипотеканың кең таралуы қиын. Сондықтан сатып алушының бір бөлігі бағаға ілесе алмай, шешімді кейінге қалдырады.
Осы факторларды қоса есептегенде, 2026 жылы пәтер бағасы күрт құлайды деген болжам әлсіздеу. Жаңа үйлерде өсім жалғасуы ықтимал, әсіресе Астана мен Алматыда. Бірақ былтырғыдай жаппай қызу сценарий қайталанбауы мүмкін. Halyk Finance екінші жартыжылдықта жаңа тұрғын үй бағасы шамамен инфляция деңгейінде өседі деп болжайды. Сұранысты тежейтін факторлар да бар: салық өзгерісі, ипотека шарттарының қатая түсуі, ЕНПФ жеткіліктілік шегінің өзгеру ықтималдығы және сатып алушы табысының бағаға ілесе алмауы.
Қысқа қорытынды мынадай: 2026 жылы жаңа пәтер арзандауы неғайбыл. ҚҚС пен Құрылыс кодексі жаңа жобалардың өзіндік құнын көтереді. Астана мен Алматыда сұраныс әлі күшті, сондықтан сапалы локациядағы жаңа үйлер қымбаттай береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







