Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов кәсіпкерлермен жұмысты жаңа деңгейге шығару үшін партияның жеке Кәсіпкерлер қанатын құруды ұсынды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл бастама Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды. Жиынға мыңдаған компания мен миллиондаған адамды біріктіретін бизнес-қоғамдастық өкілдері, ірі салалық қауымдастықтар, мемлекеттік органдар және партияның өңірлік филиалдары қатысты.
Негізгі әңгіме ел экономикасының тұрақты өсуі, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік ашу, инвестиция тарту, жұмыс орындарын көбейту және қазақстандықтардың табысын арттыру төңірегінде өрбіді.
Ерлан Қошанов кейінгі жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік модельді дәйекті түрде қалыптастырып келе жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, бұл модель қуатты экономикаға, әділдік қағидатына және елді алға сүйрейтін кәсіпкерлерді нақты қолдауға негізделген. Референдумда халық кеңінен қолдаған жаңа Конституция осы бағытты саяси әрі құқықтық тұрғыдан бекітті.
Кәсіпкерлердің дауысы естілуі керек
Партия Төрағасының сөзінше, «AMANAT» пен бизнестің ортақ мақсаты – прогрессивті әрі әділетті Қазақстан құру. Бұл жерде кәсіпкерлік тек пайда табатын сала ретінде емес, ел экономикасын қозғалтатын, жұмыс орнын ашатын, салық төлейтін, жаңа технология енгізетін және орта тапты қалыптастыратын негізгі күш ретінде қарастырылып отыр.
Ерлан Қошанов партияның ел ішіндегі ауқымды ұйымдық мүмкіндігі бар екенін айтты. «AMANAT» құрамында жастар қанаты, әйелдер қанаты, белсенді азаматтарға арналған түрлі алаңдар жұмыс істейді. Олар ел бойынша ондаған мың адамды біріктіреді.
Енді осы құрылымдардың қатарына бизнес өкілдерін жүйелі түрде топтастыратын Кәсіпкерлер қанатын қосу ұсынылып отыр.

Бұл бастаманың мәні анық. Бизнес билікке тек шағым айтатын тарап емес, мемлекеттік саясаттың серіктесіне айналуы керек. Кәсіпкерлердің дауысы естіліп, нақты мәселесі қаралып, шешімі жүйелі деңгейге шығуы тиіс. Партия өз кезегінде бизнестің осы сұранысын Парламент, Үкімет және өңірлік әкімдіктер арасындағы нақты жұмыс тетігіне айналдыруды көздейді.
«AMANAT» партиясының бизнеспен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Партия жанындағы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі осы бағыттағы маңызды алаңға айналған. Қазіргі уақытқа дейін 30-дан астам отырыс өткізіліп, шамамен 190 мәселе қаралған.
Олардың ішінде нарыққа қол жеткізу, қаржыландыру, салықтық реттеу, инфрақұрылым, мемлекеттік сатып алу, құрылыс саласы және әкімшілік кедергілерге қатысты түйіндер бар.
Бұл кеңестің жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тең төраға ретінде қатысуы да маңызды. Себебі кәсіпкер көтерген мәселе тек талқылау деңгейінде қалмай, Үкіметтің экономикалық блогына тікелей жетеді. Ал мұндай байланыс нақты шешім қабылдау жылдамдығына әсер етеді.
Өңірлерде де осыған ұқсас партиялық кеңестер белсенді жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта олар жергілікті кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерінің тізілімін қалыптастырып, әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жүйелі шешім іздейді.
Егер мәселе өңір деңгейінде шешілмесе, республикалық деңгейге шығарылады. Бұл кәсіпкердің бір мекеменің табалдырығында қалып қоймай, мәселесін жоғары деңгейге жеткізуіне мүмкіндік береді.
Партия ең белсенді кәсіпкерлерді өңірлік кеңестер жұмысына тартуды жоспарлап отыр. Кейін олар «AMANAT»-тың кадрлық резервіне енгізілуі мүмкін.
Мұндай шешім бизнес өкілдерінің қоғамдық-саяси өмірге араласуын арттырады. Себебі экономикадағы нақты тәжірибесі бар адамдардың шешім қабылдау процесіне қатысуы мемлекеттік саясаттың өмірге жақын болуына ықпал етеді.
Партия бизнеске қолдау көрсетудің цифрлық құралдарын да күшейтпек. Осы мақсатта «Ashyk Amanat» аналитикалық платформасы іске қосылады. Бұл сервис кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін жинақтап, партия, Үкімет және бизнес-қоғамдастық арасындағы нақты диалог құралына айналуы тиіс. Егер платформа тиімді жұмыс істесе, кәсіпкерлік ортадағы жүйелі түйіндерді дерек арқылы көруге, қай өңірде қандай мәселе жиі туындайтынын анықтауға және шешім қабылдауды жылдамдатуға мүмкіндік береді.
AMANAT пен кәсіпкерлер бір бағытқа жұмылмақ
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының рөлі де бөлек айтылды. Парламентте көпшілік дауысқа ие фракция ретінде партия кәсіпкерлікті қолдауға, ашықтықты арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған заңдарды жетілдіріп, олардың орындалуын бақылауға ниетті.
Жаңа Салық кодексі, Құрылыс кодексі және мемлекеттік сатып алу туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен пәндік диалог құрылғаны айтылды.
Кәсіпкерлер қанаты құрылса, бұл байланыс жүйелі сипат алмақ. Фракцияда бизнес саласындағы белсенділермен тұрақты жұмыс істейтін жауапты депутаттар бекітіледі. Олар кәсіпкерлердің ұсыныстарын заңнамалық тетікке, депутаттық сауалға, жұмыс топтарына және нақты түзетуге айналдырумен айналысады. Яғни кәсіпкердің мәселесі эмоциялық мінберде ғана айтылмай, заң шығару процесіне енуі керек.
Жиында Серік Жұманғарин кәсіпкерлердің өтініштерімен жұмыс жеке мәселені шешумен шектелмей, жүйелі өзгеріске алып келуі тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, басты міндет – әр шағымға бөлек жауап беруден ереже мен реттеу деңгейіндегі шешімдерге көшу.
Бұл өте маңызды ой. Себебі бір кәсіпкерге кедергі келтірген норма ертең мың кәсіпкерге де кедергі болады. Сондықтан мәселенің салдарын емес, себебін өзгерту қажет.
Отырыста қайта өңдеу, мұнай-газ, инвестиция, құрылыс, салық, энергетика, фармацевтика және IT салаларының өкілдері сөз сөйледі. Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров, «Petrocouncil» Қазақстанның мұнай-газ кеңесі қауымдастығының тең төрағасы Серік Аманғалиев, «АЛЬПРИМА» ЖШС бас директоры Андрей Дегунков, Қазақстан инвесторлар одағы қауымдастығының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов және өзге де бизнес өкілдері өз салаларындағы өзекті мәселелерді көтерді.
Жаңа саяси тренд
Кездесу соңында ірі бизнес пен шағын және орта кәсіп өкілдері партия қатарына қабылданды. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиев, Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешова, «Integra Construction KZ» ЖШС акционері Мүтәліп Шахмұрат бар.
Сонымен бірге Қазақстан IT компаниялары қауымдастығының президенті Айымгүл Әбілева, «Energy Monitor» қоғамдық қорының атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұлов, «Атамекен» ҰКП өңдеуші өнеркәсіп комитетінің төрағасы Қанат Ибраев, «ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов және Қазақстан электр энергетикасы ассоциациясы басқарма төрағасы Талғат Темірханов партияға қосылды.

Мемлекет басшысының алғыс хаттары мен партиялық наградалары да табыс етілді. Олар партия жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне және бизнес-қоғамдастық өкілдеріне ел дамуына қосқан үлесі үшін берілді.
Бұл жиынның саяси және экономикалық маңызы бар. Қазақстанда кәсіпкерлік енді тек салық төлейтін сектор ретінде емес, қоғамдық тұрақтылық пен экономикалық өсімнің негізгі тірегі ретінде қарала бастады. Бизнеске сенім артылса, жұмыс орны көбейеді, орта тап күшейеді, өңірлерде жаңа өндіріс ашылады, ал халық табысы артады.
Кәсіпкерлер қанаты осы байланысты тұрақты институтқа айналдыруға бағытталған қадам болуы мүмкін. Бірақ оның нәтижесі атауында емес, нақты жұмысында көрінеді.
Егер кәсіпкерлердің мәселесі шынымен естіліп, заң мен Үкімет шешіміне айналса, партия мен бизнес арасындағы жаңа формат ел экономикасына нақты серпін бере алады. Ал егер бұл бастама тек жиын мен мәлімдеме деңгейінде қалса, бизнес оны тез сезеді. Сондықтан алдағы кезеңде басты өлшем біреу болады: кәсіпкердің жолындағы кедергі азайды ма, жоқ па.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







