Астанада қоғам назарын аударған шулы іске соңғы нүкте қойылды. Президенттің бұрынғы кеңесшісі Ержан Бабақұмаровтың өліміне кінәлі деп танылған адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қылмыстық істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық түрде қарады. Сот үкімі заңды күшіне енді, бірақ істің өзегіндегі бүге-шігесі жарияланбады. Бұған марқұмның кәмелетке толмаған балаларының жеке өмірін қорғау себеп болған.
Соңы өліммен аяқталған жанжал қалай өрбіген?
Қанды оқиға 2025 жылғы 30 қазанда болған. Тергеу мәліметінше, Ержан Бабақұмаров пен оның танысы арасында сөзге келіспеушілік туындап, арты ауыр жанжалға ұласқан. Сол кезде 56 жастағы Бабақұмаров ауыр дене жарақатын алып, оқиға орнында қайтыс болған.
Күдікті көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейіннен оның Астана тұрғыны, 37 жастағы азамат екені анықталды. БАҚ деректерінде ол Е.К. деп аталды.
Бұрынғы істегі ізі бар адам
Күдікті бұған дейін де сотқа тартылған. 2025 жылғы сәуірде ол азаматтық некедегі әйеліне ауыр дене жарақатын салған. Сол оқиғада зардап шеккен әйелдің қабырғасы сынып, беті мен басына айтарлықтай зақым келген. Сотта оның бұрын сотты болғаны ескерілгенімен, үкімнің егжей-тегжейі толық ашық жарияланған жоқ.
Соттың шешімі қандай болды?
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды («Адам өлтіру») және 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот отырыстарының жабық түрде өтуіне байланысты, басқа мәліметтерді ашық түрде жариялауға тыйым салынды. Үкім 20 ақпан күні шығарылып, бүгінде толық заңды күшіне енді.
Ержан Бабақұмаров кім еді?
Ержан Бабақұмаров Қазақстандағы танымал саяси қайраткер, саясаттану ғылымдарының кандидаты. Ол 1969 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген.
1990-жылдардан бері Алматы қаласы әкімдігінде, Президент әкімшілігінде түрлі лауазымдар атқарды. Ішкі саясат, мәдениет және ақпарат салаларын басқарды, Премьер-министрдің кеңсесінде де қызмет етті.
2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың командасына қосылып, президент кеңесшісі болды. Кейін Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін Бақытжан Сағынтаевпен бірге әкімдіктен кетті.
Оның соңғы қызметтері арасында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Президент кеңесшісі, Президент Әкімшілігінің талдау және болжамдау орталығының басшысы лауазымдары бар еді. Ержан Бабақұмаров 56 жасында дүниеден өтті. Артында әйелі мен екі баласы қалды.
Бұған дейін депутат Бапи марқұмның өліміне қатысты күдік-күмәнін ортаға салған болатын. «Егер ол расында Мәсімовтың адамы болса, Қаңтар ақиқаты туралы фильм түсірер ме еді?», – дейді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







