Қазақстанда алимент төлеуге міндетті адам шетелге кетуді жоспарласа, төлем мәселесін алдын ала реттеуге болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Заңгерлердің айтуынша, бұрынғы жұбай тұрақты тұруға немесе уақытша шетелге шығатын болса, алимент бойынша келісім жасасуға құқылы. Егер тараптар өзара келісе алмаса, мүдделі адам сотқа жүгініп, алимент мөлшерін нақты ақшалай сомада белгілеуді, болашақ төлемдерді біржолғы өндіріп алуды немесе алимент орнына мүлік беруді талап ете алады.
Мұндай тәсіл баланың мүддесін алдын ала қорғауға мүмкіндік береді. Яғни алимент төлеуші елден кеткеннен кейін оны іздеп, қарызды өндіріп жүруден гөрі, міндеттемені шетелге шықпай тұрып нақты бекіткен тиімді.
Егер адам тұрақты тұруға ресми құжат рәсімдемей кетіп, алимент төлеуді тоқтатса, іске сот орындаушылары араласады. Мұндай жағдайда борышкерге қатысты шектеу шаралары қолданылуы мүмкін. Қарыз толық реттелмейінше, оның елден шығуына немесе кей жағдайда елге кіруіне қатысты шектеу қою мәселесі қаралады.
Сотқа жүгінген кезде алимент төлеушінің елден шығуына алдын ала тыйым салуды сұрауға да болады. Егер алимент төленгенін растайтын құжат болмаса, борышкерге Қазақстаннан тұрақты тұруға кетуге рұқсат берілмеуі мүмкін.
Заңгерлер мұндай жағдайда уақыт созбауға кеңес береді. Бұрынғы жұбайдың нақты кетуін күтпей, сотқа алдын ала жүгініп, алимент міндеттемесін заң жүзінде бекітіп алған дұрыс. Бұл төлемнің сақталуына және баланың құқығын қорғауға көбірек мүмкіндік береді.
Қазақстанда алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтардың нақты табысын анықтауға Мемлекеттік кірістер комитеті көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







