Роман Скляр Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырда қол қойды. Осы қызметті атқарған Айбек Дәдебай басқа жұмысқа ауысуына байланысты Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатылды. Оның нақты қай қызметке баратыны әзірге ресми хабарланған жоқ.
Роман Скляр бұған дейін бірінші вице-премьер қызметін атқарды. 2024 жылғы ақпанда Үкімет отставкаға кеткен кезде оған уақытша премьер-министр міндеті жүктелген. Кейін ол қайтадан бірінші вице-премьер болып тағайындалды.
Үкіметте индустрия, инфрақұрылым, көлік, инвестициялық жобалар және нақты секторға жақын бағыттармен айналысқан технократ ретінде танылды.
Мемлекет басшысы биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Инвестициялық штабтың жұмысына тоқталып, оның тиімді қызметін Роман Склярмен байланыстырған еді.
Президент Әкімшілігі елдегі саяси және басқарушылық шешімдердің негізгі орталығы саналады. Сарапшы Нұрлан Жұмаханның пікірінше Склярдың Үкіметтен Ақордаға ауысуы әдепкі кадрлық ротация емес. Ол енді экономикалық блоктағы тәжірибесін президенттік аппараттың күнделікті жұмысымен ұштастыратын лауазымға келіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







