Құрылтай депутаттарына қатысты жаңа этика ережесі олардың дауыс беріп, заң қабылдауын ғана емес, қалай сөйлеп, қалай пікір таластыратынын да қатаң реттемек деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда депутаттық этикаға арнайы тарау арналған. Құжатта депутат мінез-құлқы ресми отырыста ғана емес, жұмыс бабындағы кез келген әрекетте саяси мәдениет пен заң талабына сай болуы керек екені көрсетілген.
Жоба бойынша, депутатқа Құрылтайда, комитетте, комиссияда және өзге де жұмыс форматында жеке мәселесін көтеруге тыйым салынады. Ол басқа әріптесінің сөзін бөлуге, орынсыз айып тағуға, дөрекі сөйлеуге, ар-намысқа тиетін сөз қолдануға, балағат пен қорлауға жол бермеуі тиіс.
Ең назар аударатын тұс — жалған немесе тексерілмеген ақпаратқа қатысты талап. Депутат өз сөзінде нақты дерекке сүйенуге міндеттеледі.
Дезинформация таратуға, қоғамдық пікірді адастыратын мәлімет айтуға, азаматтың абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін сөз қолдануға тыйым салынады.
Заң жобасында мемлекеттік құпия мен қызметтік ақпаратқа да бөлек тоқталған. Депутат өзіне қызмет бабында белгілі болған жабық мәліметті жариялай алмайды. Сондай-ақ депутаттық бланкіні, сұрау салу құқығын, қызметтік артықшылықты жеке мүдде үшін пайдалануға болмайды.
Құжаттағы тағы бір талап
Депутат ел мүддесін қорғауға, заңды құрметтеуге және өз әрекетімен Құрылтайдың беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Жоба авторлары депутаттың сөзі жеке пікір емес, мемлекеттік институттың салмағын арқалайтын саяси жауапкершілік екенін аңғартып отыр.
Этика талабын бұзғандарға ескерту, көпшілік алдында кешірім сұрату, сөзден айыру, отырыс залынан қуып шығу, тіпті үш айға дейін жалақы төлемеу секілді шара қолданылуы мүмкін. Қай шара қолданылатынын Құрылтай төрағасы, Бюро, комитет немесе арнайы этика кеңесі қарайды.
Заң жобасы қабылданса Құрылтайдағы пікірталас бұрынғыдай саяси текетірес алаңы емес, тәртіппен шектелген парламенттік мінберге айналмақ. Депутат өткір сөйлей алады. Бірақ дәлелсіз айып, балағат, жалған дерек пен айқай саяси ұпай жинаудың құралы болмауы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







