Нұрлыбек Нәлібаевтың Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуы қоғам тарапынан қызу талқыланып жатыр. Танымал сарапшы Айбар Олжай тағайындаудың астарында мемлекеттік басқарудағы нақты жұмыс пен іскерлікке берілген баға жатқанын айтады. Оның пікірінше, бұл билік басындағы құр сөзден нақты нәтижеге көшудің белгісі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақта ерекше сипатқа ие «шаруаның адамы» деген ұғым бар. Осы бір ұғымның салмағы ауыр. «Шаруаның адамы» деген аз сөйлеп, көп іс тындыратын, берген уәдесін есеппен емес, халық көретін нақты іспен дәлелдейтін тұлға. Айбар Олжайдың айтуынша, Нұрлыбек Нәлібаев дәл осы сипатқа толық сай келеді.
«Нәлібаевтың Қызылорда облысындағы соңғы жылдардағы қызметіне көз жүгіртсек, нақты нәтиже, айқын көрсеткіштерді байқаймыз. Ол шаруаның адамы екендігін өңірдегі атқарылған жұмыстармен көрсете білді», – деп атап өтті сарапшы.
Қызылордадағы қарқынды даму
Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысын басқарған кезде өңірдің экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Соңғы үш жылда облыстың бюджеті 809 млрд теңгеге жеткен. Ал даму бюджеті 47 млрд теңгеден 202 млрд теңгеге дейін артқан.
Осы кезеңде облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгеге жуықтап, 2021 жылмен салыстырғанда 250 пайызға өскен. Бұл ма, бұл кездейсоқ көрсеткіш емес, халықтың тұрмысын жақсартатын нақты жобалардың іске асуы.
Әлеуметтік саладағы жетістіктер
Білім саласында соңғы екі жыл ішінде 43 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 10 мектеп жаңадан ашылды. Тағы 9 мектептің қосымша ғимараты салынып, үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Жол құрылысына ерекше көңіл бөлінді. Жалпы ұзындығы 1600 шақырым жол мен 30 көпірге қаржы бөлініп, Қызылорда-Жезқазған бағытындағы жолдың 216 шақырымы қайта жөндеуден өтті.
Облыстың әуе қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Бұл туристер мен іскер адамдардың өңірге көптеп келуіне жол ашатын негізгі фактор.
Өңірдегі өмір сапасы жақсарды
Халықтың күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған ірі жобалар іске асты: 11 мың адамға арналған жаңа стадион, 24 спорт кешені, мәдениет орталықтары, заманауи тұрғын үйлер, медициналық мекемелер салынды. Бұған қоса ыстық су, газ, электр қуаты мәселесі реттеліп, қоғамдық көлік қызметі жақсарды.
«Мұның бәрі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер. Яғни Нәлібаев халықтың көкейіндегі нақты мұқтаждықтарды шешуге баса назар аударды», – дейді Айбар Олжай.
Үкімет деңгейінде қандай өзгеріс күтеміз?
Сарапшының сөзінше, Нұрлыбек Нәлібаевтың Үкіметке келуі өңірлік тәжірибенің республикалық деңгейде таралуына жол ашады. Ол енді бір ғана облыстың емес, бүкіл елдің даму жауапкершілігін өз мойнына алып отыр.
«Тағайындаудың артында нақты бір ой бар: елге шаруаның көзін білетін, уәде емес, нәтиже көрсететін басқарушылар қажет. Нәлібаевтың алдында үлкен міндет тұр өңірде көрсеткен қарқынды жұмысты Үкімет деңгейінде дәлелдеу», – деп түйіндеді Айбар Олжай.
Айта кетелік, бұған дейін танымал сарапшы дәл осы Нәлібаев пен Маңғыстау облысының әкіміне жоғары баға берген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







