Қазақстандағы ең ірі кен өндіруші, атышулы ERG-де ауқымды кадрлық өзгеріс болуы мүмкін. Бұған дейін Президент әкімшілігіне ауысқан Роман Скляр енді ERG-дің бас директоры қызметіне ұсынылып отыр. Бұл туралы компанияның ішкі құжаттарын ақтарған Financial Times жазды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әні-міні өтетін директорлар кеңесінің отырысында компания басшылығы түгел дерлік жаңартылуы мүмкін. Бас директордан бөлек, қаржы директоры, маркетинг бөлімінің басшысы және бас заңгер қызметінен қуылып, олардың орнына жаңа басшылар тағайындалмақ.
Өзгерістің негізгі фигурасы ретінде Роман Скляр аталып отыр екен.
Басылымның хабарлауынша ұсынысты Склярдың өзі мен Қаржымин Мәди Тәкиев жасаған. Екеуі де директорлар кеңесінің мүшесі, үкімет өкілі ретінде компаниядағы 40% мемлекеттік үлесті басқарады. Өзге үлесті компанияның іргесін қалаған үш әулет — Майшекелер-Машкевичтер (20,7%), Ибрагимовтар (20,7%) және Патох Шодиев (18,6%) иеленген.
ERG-дің қазіргі басшысы Әлижан Ибрагимовтың ұлы Шухрат Ибрагимов. Ол бұған дейін серіктестерінің акциясын сатып алуға талпынғанымен, әрекетінен қайыр болмаған.
Financial Times мәліметінше, ERG-дегі билік үшін күрес өзінің шарықтау шегіне жеткен. Биыл Майшеке пен Шодиев отбасы өз акциясын Integra Construction KZ құрылыс компаниясының қожайыны Шахмұрат Мүтәліпке сатуға келіскен. Келісімнің сомасы шамамен 1,4 млрд доллар. Мұны Шухрат Ибрагимов тулап шыққан көрінеді.
Ескі Қазақстанның елесі мен белесі
Әмірикалық басылым өзгерістің түпкі мақсатын ұлттық капиталдың үлесін арттыру және Назарбаев дәуіріндегі ірі ойыншылардың ықпалын азайту ниетімен байланыстырып отыр.
«ERG-дің төбе басына Скляр келер болса, қазіргі билік Нұрекеңе жақын адамдардан толық тәуелсіздік алады», — дейді FT.
ERG ел экономикасының артериясы десек артық емес. Феррохром, кобальт және мыс өндірісінде әлемдік нарықтағы басты ойыншы. Ал Склярдың миссиясы не?
«Директорлар кеңесі Склярдың кандидатурасын бекітсе, Тоқаев билігі ERG-ді толық бақылауына алып, ұлттық мүддені ықпалын күшейтеді. Елдегі ең ірі актив «ескі Қазақстаннан» кейінгі жаңа буын басқарушылардың қолына өтеді», — дейді осы тұста Ertenmedia-ға пікір білдірген сарапшы Айбар Олжай.
Анығы, бүгін-ертең компанияның болашағы анықталатын шешуші сәт болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







