Қазақстанда бақбақ жұлғаны үшін миллиондаған теңге айыппұл салынады деген ақпаратқа Экология және табиғи ресурстар министрлігі түсініктеме берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Вице-министр Нұркен Шарбиевтің айтуынша, айыппұл барлық бақбаққа емес, тек Қызыл кітапқа енген сирек түрлерге қатысты. Яғни аулада немесе далада жиі кездесетін кәдімгі бақбақты жұлу үшін мұндай көлемде жаза қарастырылмайды.
Министрлік мәліметінше, Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлу немесе бүлдіру үшін 3000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл 12 975 000 теңгені құрайды.
Нұркен Шарбиев мұндай қатаң шара сирек әрі жойылып бара жатқан өсімдіктерді қорғау үшін енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл айыппұл мөлшері 2019 жылы депутаттардың бастамасымен он есе ұлғайтылған.
Вице-министр Қызыл кітаптағы өсімдіктердің табиғаттағы саны өте аз екенін атап өтті. Кей жағдайда бірнеше түп өсімдіктің жұлынуы сол түрдің мүлде жоғалуына алып келуі мүмкін.
Шарбиевтің айтуынша, Қызыл кітапқа енген бақбақ түрлері негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде кездеседі.
Сондықтан азаматтарға табиғат аясында жүргенде сирек өсімдіктерге абай болу қажет. Әсіресе қорық, ұлттық парк және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда гүл немесе өсімдік жұлуға болмайды.
Министрлік ескерткендей, айыппұлдың мақсаты адамды жазалау ғана емес, сирек табиғи мұраны сақтап қалу. Табиғаттағы кей өсімдік көзге қарапайым көрінгенімен, ол жоғалып бара жатқан ерекше түр болуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







