Қазақстанда әйелдер гигиенасы құралдарын қосылған құн салығынан босату туралы петиция жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Петиция ePetition платформасында орналастырылған. Өтініш Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жолданған.
Авторлардың айтуынша, прокладка, тампон және басқа да әйелдер гигиенасы құралдары таңдау емес, күнделікті қажет тауар саналады. Сондықтан мұндай өнімдердің бағасы қолжетімді болуы керек.
Петицияда ҚҚС-ты алып тастау соңғы бағаны төмендетіп, әсіресе табысы төмен отбасылардағы қыздар мен әйелдерге жеңілдік беретіні айтылған.
Авторлар гигиеналық құралға үнемдеу денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін алға тартады. Әйел сапасыз өнім қолдануға немесе оны қажет уақытынан сирек ауыстыруға мәжбүр болса, инфекция және басқа да медициналық тәуекел артады.
Есеп бойынша, әйелдер гигиенасы құралдарына ай сайын шамамен 6750 теңге жұмсалуы мүмкін. Ал Қазақстанда 1 млнға жуық аз қамтылған азамат бар. Олардың бір бөлігі күнделікті базалық шығын мен жеке гигиена арасында таңдау жасауға мәжбүр болуы ықтимал.
Петиция авторлары шетел тәжірибесін де мысалға келтіреді. Ұлыбританияда әйелдер гигиенасы құралдарына салынатын салық 2021 жылдан бастап алып тасталған. Австрияда мұндай шара 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Өтініш мемлекеттік органдар қарауына өтуі үшін ePetition сайтында 50 мың дауыс жинауы қажет.
Бұл бастама әлеуметтік тұрғыдан маңызды мәселені көтеріп отыр. Әйелдер гигиенасы құралдары сән немесе қосымша шығын емес, денсаулық пен өмір сапасына тікелей әсер ететін базалық қажеттілік ретінде қарастырылуы керек.
Қазақстанда баспана нарығы әрі-сәрі күйде тұр. Жаңа үйлер салық, құрылыс талабы және ипотекалық сұраныс қысымымен қымбаттап барады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







