Маркетплейстер енді «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауарды іздеу нәтижесінде басым көрсетіп, отандық өнімге арналған арнайы бөлім ашуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі ұлттық брендті ілгерілетуге қатысты талапты күшейтіп жатыр. Бұған дейін мұндай міндет негізінен сауда желілеріне қатысты қолданылып келсе, енді жаңа талап электронды коммерция алаңдарына да таралады. Яғни қазақстандық тауар дүкен сөресінде ғана көзге түспей, онлайн нарықта да сатып алушыға жақын болуы тиіс.
Қазір тиісті заңнамалық түзетулер пакеті мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өтіп жатыр. Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айжан Бижанова «Сауда желілерінде “Қазақстанда жасалған” ұлттық брендін ілгерілету» тақырыбындағы дөңгелек үстелде осы бағыттағы негізгі өзгерістерді түсіндірді.
Жаңа тетік отандық өндірушіні қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сауда нысандарында қазақстандық тауардың үлесі кемінде 30 пайыз болуы керек. Бұған қоса, «Даму» қорының қолдау бағдарламалары аясында сөре кеңістігінің тағы 20 пайызына дейін отандық өнімге берілуі мүмкін. Осылайша, қазақстандық өнім дүкен ассортиментінің жартысына дейін қамтуға мүмкіндік алады.
Министрлік тек сандық көрсеткішпен шектелмей, тауардың қалай орналасатынына да мән беріп отыр. Себебі тұтынушы отандық өнімді көрмесе, таңдау кезінде оған назар аудармауы мүмкін. Айжан Бижанованың айтуынша, қазақстандық тауар сатып алушының көз деңгейінде, қолжетімді орында тұруы қажет. Сауда тілінде мұндай орын «алтын сөре» деп аталады. Сатып алушы ең алдымен дәл осы деңгейдегі өнімге назар аударады, ал отандық өндіруші мұндай орынға лайық.
Отандық өнімді көрнекі түрде ілгерілетудің тиімділігін арнайы эксперимент те көрсеткен. Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық аналитикалық орталық Magnum сауда желісімен бірге қазақстандық ірімшіктерді сатып алушыға жақындатуға арналған мінез-құлықтық құралды сынақтан өткізді. Жоба мінез-құлық ғылымы саласына маманданған британдық Behavioural Insights Team компаниясының әдіснамалық қолдауымен жүзеге асқан.
Тәжірибе кезінде дүкен ішінде баннер, сөре бөлгіші, стикер, сөре лентасы және «Қазақстанда жасалған» таңбасына назар аудартатын аудиохабарлама қолданылды. Эксперимент төрт апта бойы нақты сауда ортасында жүргізілген. Нәтижесінде пилоттық дүкендерде қазақстандық ірімшік сатылымы 20 пайызға өсті. Әлемдік тәжірибеде мұндай мінез-құлықтық құралдың орташа әсері шамамен 8 пайыз деңгейінде бағаланатынын ескерсек, Қазақстандағы көрсеткіш едәуір жоғары шықты.
Экономикалық патриотизм
Ұлттық аналитикалық орталықтың Мемлекеттік басқару және мінез-құлықтық мемлекеттік саясат орталығының директоры Салтанат Джаненова ірімшік сегментінің арнайы таңдалғанын айтты. Оның сөзінше, ірімшік күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік қатарына кіргенімен, осы нарықта импорт үлесі жоғары. Қазір аталған сегменттегі импорт үлесі 47 пайызға жетеді. Сондықтан қазақстандық өнімді сатып алушыға көрнекі ету арқылы нақты нәтиже алуға болатыны тексерілген.
Салтанат Джаненованың айтуынша, төрт аптаның ішінде қазақстандық ірімшік сатылымының 20 пайызға өсуі тұтынушының «экономикалық патриотизмге» дайын екенін көрсетті. Алайда сатып алушыға таңдау жасау кезінде көмектесу қажет. Өнім сөреде байқалып, таңба анық көрініп, тұтынушыға сапасы мен шыққан елі түсінікті болуы тиіс.
Министрлік алдағы уақытта талаптың орындалуына бақылауды да күшейтпек. Заң бұзушылық туралы шағым жоспардан тыс тексеруге негіз бола алады. Отандық тауардың сауда желісіне кіруін шектеу, нұсқаманы орындамау және жеткізушімен жұмыс істеу тәртібін бұзу дерегі анықталса, айыппұл салу қарастырылған.
Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігі жаңа заңнамалық өзгеріс әзірлеп жатыр. Атап айтқанда, «өнімсіз делдал» ұғымын енгізу, сауда кедергісіне бақылауды күшейту және бос сауда орны болған жағдайда отандық өндірушіге сауда алаңына қолжетімділік беруді міндеттеу жоспарланған.
Осы өзгерістер қабылданса, «Қазақстанда жасалған» таңбасы тек қаптамадағы белгі ретінде қалмай, нақты сауда саясатының құралына айналады. Отандық өнім офлайн дүкенде де, маркетплейс бетінде де сатып алушыға жақындай түседі. Ал өндіруші үшін ең маңызды мәселе – нарыққа кіру, көзге түсу және тұтынушы сеніміне ие болу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







