Әскери қызметшілерге берілетін ақшалай өтемақы тәртібі нақтыланды. Құжатта ақшалай өтемақы ұғымына нақты түсінік берілген. Ол әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамада көзделген жағдайда берілетін біржолғы тұрғын үй төлемі ретінде қаралады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай өтемақыға 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметте 10 жыл және одан көп уақыт болған азаматтар үміткер бола алады. Сонымен қатар 20 жыл қызмет өткергеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы бар, бірақ жекешелендіруге жатпайтын қызметтік баспанада тұрып жатқан әскери қызметшілер де осы санатқа кіреді.
Өтемақы мөлшері арнайы формула бойынша есептеледі. Қазақстан бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны алынады. Аталған көрсеткішті статистика органы ағымдағы жылдың қаңтар айындағы дерек негізінде белгілейді. Содан кейін 18 шаршы метр әр отбасы мүшесіне, соның ішінде әскери қызметшінің өзіне есептеледі. Бұрын алынған тұрғын үй төлемі болса, сол сома жалпы есептен шегеріледі.
Ақшалай өтемақы алу үшін әскери қызметші бірқатар құжат ұсынуы керек. Олардың қатарында қызмет орнынан берілетін отбасы құрамы және тұрғын үй төлемі туралы анықтама бар. Жұбайы әскери қызметте болса, оның қызметін растайтын құжат та талап етіледі. Сонымен бірге тұрғын үй төлемін есепке алу карточкасы ұсынылады.
Өтемақы тәртібі нақты талапқа бағынды
Құжатта өтемақы төленбейтін жағдайлар да көрсетілген. Егер әскери қызметшінің немесе жұбайының меншігінде тұрғын үй болса, төлем берілмейді. Алайда меншік үлесі 50 пайыздан аз болған немесе баспана мұра арқылы алынған жағдай бөлек қаралады.
Сондай-ақ әскери қызметші немесе оның жұбайы тұрғын үйді жекешелендіру құқығын бұрын пайдаланып қойған болса, ақшалай өтемақы тағайындалмайды. Бұған дейін тұрғын үй төлемі немесе өтемақы алған азаматтар да аталған төлемге қайта үміткер бола алмайды.
Тағы бір шектеу соңғы бес жылда тұрғын үйді иеліктен шығаруға қатысты. Егер әскери қызметші немесе оның жұбайы осы мерзім ішінде баспанасын сатып, сыйға беріп немесе басқа жолмен иеліктен шығарған болса, өтемақы төлеуден бас тартылуы мүмкін.
Төлем тиісті бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде жүзеге асырылады. Қаражат арнайы банк шотына аударылады және нысаналы мақсатта ғана пайдаланылуы тиіс. Әскери қызметші бөлінген ақшаның мақсатты жұмсалғанын растайтын құжатты алты ай ішінде ұсынуы қажет.
Қаулы 2026 жылғы 19 мамырдан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Қазақстан Қорғаныс министрлігі Қарулы күштер әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақы және өзге де төлемдер төлеу қағидаларына өзгеріс енгізген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







