Қытай бір мезетте 50 ядролық реакторға дейін салуға техникалық және өндірістік мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қытай ядролық энергетика қауымдастығының жаңа есебінде елдің атом энергетикасы саласын өте жылдам кеңейтіп жатқаны айтылған. Қауымдастықтың мәліметінше, Қытай ядролық нысандарды жобалау, жоспарлау, құрылыс жүргізу және кейін пайдалануға беру кезеңдерін қатар алып жүре алады.
Яғни Бейжің ондаған реакторды бір уақытта басқаруға мүмкіндік беретін өндірістік, инженерлік және қаржылық жүйе қалыптастырған.
Қытай билігі қазба отынға тәуелділікті азайтып, таза энергия өндірісін ұлғайтуды көздейді. Осы стратегияда атом энергетикасы маңызды орынға шығып отыр. Себебі ядролық станциялар жұмыс кезінде көмірқышқыл газын аз шығарып, үлкен көлемде тұрақты электр энергиясын бере алады.
Әлемдік мұнай мен газ нарығы геосаяси шиеленіс, соғыс және жеткізу тізбегіндегі қысымға тәуелді болып тұрған кезеңде мұндай қуат көзі Қытай үшін энергетикалық қауіпсіздік құралына айналып келеді.
Бейжің ядролық қарқынын үдетті
Қытай ядролық энергетика қауымдастығының дерегінше, елде қазір 60 коммерциялық ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Тағы 36 реактор салынып жатыр. Осы көрсеткіш бойынша Қытай әлемдегі ең ірі ядролық құрылыс алаңына айналған. Қазір салынып жатқан жаңа реакторлардың шамамен жартысы Қытайдың үлесіне тиеді. Бұдан бөлек, билік тағы 16 реактор салуға рұқсат берген.
Аталған жобалар аяқталған соң Қытайдың орнатылған ядролық қуаты 125 гигаваттқа жетуі мүмкін. Қытай ядролық энергетика қауымдастығының ауыспалы төрағасы Ян Чанлидің айтуынша, 2040 жылға қарай елдің атом энергетикасындағы орнатылған қуаты 200 гигаваттқа дейін өсуі ықтимал.
Қытайлық есепте елдің ядролық технологиялық мүмкіндігі «қуып жету» кезеңінен «қатар жүру» деңгейіне, ал кей бағытта «көш бастау» сатысына өткенін атап көрсеткен. Мұндай баға Бейжіңнің атом энергетикасында жаһандық лидер болуға ұмтылып отырғанын аңғартады. Қытай 2030 жылға қарай қуатты ядролық державаға айналуды көздейді және орнатылған атом қуаты бойынша АҚШ-тан озып кетуі мүмкін.
Қазір АҚШ әлемде ең көп ядролық электр энергиясын өндіретін ел болып қала береді. Оның артықшылығы бұрыннан жұмыс істеп тұрған үлкен реактор паркімен байланысты. Бірақ жаңа реактор салу қарқыны бойынша Қытай әлдеқайда жылдам қимылдап жатыр.
Бейжіңнің атом энергетикасындағы қарқынына бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Мемлекет қолдайтын компаниялар, арзан қаржыландыру, қайталанатын стандартты Қытайға ядролық нысандарды батыс елдеріне қарағанда тезірек салуға мүмкіндік береді. Көптеген батыс мемлекетінде атом жобалары ұзақ рұқсат рәсіміне, жоғары шығынға, саяси пікірталасқа және құрылыс мерзімінің созылуына жиі тап болады.
Қытайда ядролық жобаларды көбіне мемлекеттік компаниялар жүргізеді. Олар ұлттық энергетикалық жоспарға енгізіледі. Осы себепті рұқсат беру, қаржыландыру және құрылысқа дайындық процесі алдын ала болжамды жүреді. Құрылыс басталмай тұрып жұмысшылар, материалдар, жабдықтар және өндірістік кесте дайындалады. Рұқсат берілген соң жоба тез қозғалады.
Ядролық державаға айналудың қытайлық жолы
Қытай үшін арзан несие де үлкен артықшылық саналады. Атом электр станциясы жұмысқа кіріспес бұрын орасан инвестиция қажет етеді. Егер құрылыс ұзаққа созылса, қарыз құны күрт өседі. Қытайлық ядролық компаниялар төмен пайызды несие мен мемлекеттік қаржылық қолдауға қол жеткізе алады. Сол себепті бірнеше ірі жобаны бір мезетте жалғастыру мүмкіндігі кеңейеді.
Қытай әр атом станциясын мүлде бөлек жоба ретінде қарастырмайды. Керісінше, қайталанатын реактор дизайнын қолданып, оны кезең сайын жетілдіріп отырады. Мұндай тәсіл құрылыс кезіндегі қателікті азайтады, мамандарды тез үйретеді және жеткізу тізбегін тұрақты ұстайды. Hualong One реакторы Қытайдың стандартты ядролық технологияға басымдық беріп отырғанының бір мысалы саналады.
Сонымен бірге Қытай ядролық компоненттердің ішкі өндірісін күшейтті. Ел шетелдік жеткізушілерге тәуелділікті азайтып, ядролық жабдықтар мен материалдар тізбегінің едәуір бөлігін өз ішінде бақылауға алды. Мұндай өндірістік база жобалардың кешігу қаупін азайтып, құрылыс қарқынын сақтауға көмектеседі.
Есептерде Қытайдағы атом құрылысы жұмысшылары жылына шамамен 12 мың доллар табыс табатыны айтылған. АҚШ-та осыған ұқсас мамандардың жылдық табысы 80 мың долларға жетуі мүмкін. Еңбек құнының төмендігі Қытайға нысандарды арзан әрі жылдам салуға қосымша мүмкіндік береді. Бірақ осы айырмашылық басқа елдердің Қытай моделін толық көшіре алмайтынын да көрсетеді.
Қытай атом энергетикасын климаттық мақсаттармен де байланыстырады. Ел әлі де көмірге қатты тәуелді. Соған қарамастан ядролық, күн, жел және өзге де таза энергия көздеріне көп қаржы құйып жатыр. Күн мен жел энергетикасы жылдам өсіп келеді, бірақ олар тәулік бойы бірдей электр бере алмайды. Ал атом станциялары тұрақты қуат көзі ретінде зауыттарға, қалаларға, дата-орталықтарға және ауыр өнеркәсіпке үздіксіз электр жеткізу үшін маңызды.
Атом экспансиясының геосаяси мәні де бар. Бір мезетте 50 реакторға дейін салуға қауқарлы елде қуатты инженерлік мектеп, дайын кадр, ірі қаржы ресурсы және терең өнеркәсіптік база бар деген сөз. Қытай бұған дейін Пәкістанда ядролық жобалар салған. Алдағы уақытта өз атом технологиясын басқа елдерге экспорттауды кеңейтуі мүмкін.
Қытай ядролық технологияның жаңа көшбасшысы
Қытай ядролық қоғамының басшысы Ван Шоужун елдің атом индустриясы жылдам даму кезеңіне өткенін айтты. Оның сөзінше, Қытай үшін ендігі басымдық – жоғары сапалы даму. Соңғы жылдары ел ядролық технология инновациясын күшейтті. Үшінші және төртінші буын атом технологиялары, шағын модульдік реакторлар және жетілдірілген ядролық отын жүйелері осы бағыттың бір бөлігі саналады.
Дегенмен 50 реактор туралы мәлімдеме Қытай ертең бірден 50 жаңа құрылыс бастайды дегенді білдірмейді. Әңгіме елдің жобалау, мақұлдау, жабдық шығару, құрылыс жүргізу және пайдалануға дайындау секілді толық цикл бойынша осынша ядролық жобаны қатар алып жүруге қауқарлы екенін көрсету туралы болып отыр.
Қытайдың атом энергетикасындағы қарқыны әлемдік энергия нарығында жаңа тепе-теңдік қалыптастыруы мүмкін. Бейжің көмірден бірден бас тарта алмайды, бірақ ядролық қуатты арттыру арқылы өндірістік өсім мен климаттық міндет арасындағы алшақтықты азайтқысы келеді. Егер қазіргі жоспарлар жүзеге асса, Қытай алдағы онжылдықта атом энергетикасының басты орталықтарының біріне айналады.
Соңғы уақыттары Кремльдің соғыстан шығу жолын іздеп жатқаны, оны қоғамға қалай түсіндіру керектігі туралы түрлі болжам айтыла бастады. Бірулер Путинге қарсы астыртын жоспар туралы айтса, енді бір жерде Сергей Кириенко мен күштік құрылымдар арасындағы ішкі тартысты сөз ете бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







