Электоралды науқан қарсаңында су жаңа партияның пайда болуы саяси күштердің ықпалына қатысты бірқатар сұрақтарды күн тәртібіне шығарды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, осы уақытқа дейін партиялық алаң бірнеше рет өзгергенімен, саяси дәстүрден аса бір ауытқу болмаған.
«2007 жылы Мәжілісте тек «Нұр Отан» ғана отырды. 2012, 2016 және 2021 жылдары үш партиядан құралған конструкция («Нұр Отан», «Ақ жол», ҚХП) тұрақты болып келді. 2023 жылғы сайлауда жаңа комбинация жасалды – «Аманат», «Ауыл», «Республика», «Ақ жол», Халық партиясы және ОСДП парламентке өтті. Тек «Байтақ» қана шет қалды», – дейді Әшімбаев.
Сарапшының айтуынша, былтыр «Байтақ» 2022 жылдың қарашасында тіркелсе, «Республика» партиясы сайлаудан екі күн бұрын ғана ресми түрде тіркеуден өткен. Мәжіліске кірген алты партияның бәріне «конструктивтілік пен бірлік» деген саяси шектеу әсер еткендіктен, кезінде «оппозицияшыл» саналған партиялар да аузын бағып жүрген.
«Жоғары белсенділікті әдеттегідей «Аманат» пен «Ақ жол» көрсетті, «Ауыл» партиясының белсенділігі орташа болды. Қалғандары қоғам назарында сирек көрінді. «Аманат» парламенттен тыс уақытта заң шығарумен шектелмей, халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған үлкен практикалық жұмыс жүргізді. Соңғы референдумдардың үгіт-насихатын да өз мойнына алған осы «Аманат» болатын», – дейді саясаттанушы.
«Аманаттың» ендігі тағдыры қалай болмақ?
Сарапшы жаңа партияның пайда болуы ең алдымен «Аманаттың» өз электоратына ауыр тиетінін атап өтті:
«Тоқаев? Енді электоратқа тағы бір президентшіл партия ұсынылып отыр. «Әділет» өзін прогрессивті партия деп жариялады. Бұл әрине, орталық электорат пен «аманаттық» белсенділерді өте күрделі жағдайда қалдырды. Себебі, «Аманат» жақында ғана жаңа Конституцияны қолдау коалициясын басқарған еді».
Әшімбаев осы жағдай әзірге ашық талқыланбай жатқанын, алайда сарапшылар арасында «Тоқаев гвардиясының ескі және жаңа буынға бөлінуі» деген күбір-сыбыр әңгімелердің көбейе бастағанын айтады.
«Теориялық тұрғыдан алғанда, президенттің «сүйікті партиясын» ауыстыру мәселесі жаңа тұлғалар немесе кезекті ребрендингпен шешілуі мүмкін еді, бірақ билік жаңа тәсілді таңдаған секілді. Оның үстіне, «Аманаттың» 1 шілдеге дейін толық иммунитеті бар. Өйткені партия Мәжіліс пен мәслихаттарда көпшілік орынға ие, сондықтан партияның құлауы өкілдік биліктің жаппай күйреуіне әкелуі мүмкін. Ал Конституцияға сәйкес, мәслихаттар биыл қайта сайланбайды, олардың өкілеттігі 2028 жылға дейін сақталады. Сондықтан жергілікті элиталардың жаппай жаңа партияға ауысуы да мүмкін емес», – дейді сарапшы.
«Аманаттықтар» жаппай «Әділетке» ауыса ма?
Әшімбаевтың пікірінше, бір партиядан екінші партияға көшетіндердің абыройы бұған дейінгі оқиғаларға байланысты жақсы болмай тұр. Әрине, көшуге сақадай-сай отырған саясаткерлерге бұл мәселе аса маңызды болмауы мүмкін, алайда жаңа партия өзіне репутациялық қауіптерді жүктеуге мүдделі емес.
Саясаттанушы «Әділеттің» мақсаты ә дегеннен көшбасшылыққа ұмтылу екенін айтады:
«Жаңа партия көпшілік орынға қол жеткізе алмаса да, бірінші орынды көздеп отыр. Электоратты негізінен «Аманат» пен «Республикадан» тартып алмақ. Бірақ бұл жерде «Әділеттің» Мәжілістің 8-шақырылымы немесе қазіргі үкіметтің жұмысына қатты сын айта қоюы екіталай. Менің ойымша, олар сын жолын емес, керісінше, прогрессивті Конституцияны қолдау ұстанымын таңдайды. Партияның басты ерекшелігі лидерінің тұлғасы болмақ».
Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда «Аманаттың» қолында нақты электорат, дайын белсенділер, танымал бренд, ресурстар базасы және ең бастысы нәтижелі практикалық жұмысы бар.
«Аманат» әрине жаңа партиямен дебатқа бармайды. Қазіргі конфигурацияда екі партия да Тоқаевтың саясаты аясында бірдей құндылықтар жиынтығын ұсынатын болады. Екеуінің де Мәжілістегі 5%-дық барьерден оңай өтіп, алдағы Құрылтайда жетекші орын алуға мүмкіндіктері мол», – деп түйіндеді саясаттанушы.
Айта кетелік, бұған дейін атышулы «Біз біргеміз» құрылтайшылары арасында Amanat партиясының мүшелері бар екені анықталып, шатақ шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







