Қазақстанда доллардың ресми бағамы 467,63 теңгеге көтерілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банктің 14 мамырға арналған ресми бағамына сәйкес, 1 АҚШ доллары 467,63 теңге болды. Еуро 547,69 теңге, ресей рублі 6,36 теңге, қытай юані 68,86 теңге болып белгіленді.
Валюта нарығындағы қозғалыс бір күн бұрынғы биржа саудасында-ақ байқалды. KASE дерегіне қарағанда, 13 мамырдағы саудада USDKZT_TOM бағамы 467,86 теңгеге жеткен. Бір күндік өсім 3,67 теңге болды деген сөз. Саудадағы ең жоғары баға 470,70 теңгеге дейін барған.
Айырбастау пункттері де долларды жоғары ұстап тұр. Таңғы деректерде Алматыда доллар шамамен 465–468 теңге аралығында, Астанада 465–472 теңге аралығында саудаланғаны көрсетілді.
Соңғы күндегі күрт өзгеріс теңгенің сәуір мен мамырдың басындағы мығым қалпынан шыққанын аңғартады. Бас банкир Тимур Сүлейменов бұған дейін жаз мезгілінде долларға сұраныс көбейетінін ескерткен.
«Демалыс маусымы, импорт төлемдері және сыртқы нарықтағы доллар қозғалысы әрдайым теңге бағамына әсер ететін факторлар қатарында болған және бола да береді», — деген-тін Ұлттық банк басшысы. Әзірге нарық үшін 470 теңге маңы психологиялық меже саналып тұр.
Айта кетелік, бұған дейін танымал қаржыгер Тимур Тұрлов халыққа ақшаны қай валютада сақтау тиімді екенін айтқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







