Қазақстандықтарға кәсіпкерлердің карта немесе QR арқылы төлем қабылдаудан бас тартуы заңға қайшы екені ескертілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Аударым жоқ, тек қолма-қол ақша» деген сөз әлі де кей дүкенде, дәмханада, сұлулық салонында және шағын сауда нүктесінде жиі айтылады. Алайда салық органдары мұндай талаптың заңсыз екенін еске салды. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, елде қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тарту деректері әлі тіркеліп жатыр.
Заң бойынша тұтынушы төлем тәсілін өзі таңдауға құқылы. Яғни азамат қолма-қол ақшамен де, банк картасымен де, QR арқылы да есеп айырыса алады. Кәсіпкер заңда көзделген барлық төлем түрін тең қабылдауға міндетті.
Мемлекеттік кірістер департаменті қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тарту заң бұзушылық екенін атап өтті. Егер мұндай дерек алғаш рет анықталса, кәсіпкерге ескерту берілуі мүмкін. Ал қайталанған жағдайда айыппұл салынады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұл мөлшері 40 АЕК, яғни 173 мың теңге. Орта бизнес үшін 60 АЕК, ірі бизнес үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Салық органдары фискалды чек беру міндетін де еске салды. Клиент тауар немесе қызмет ақысын қолма-қол, карта арқылы немесе QR-пен төлесе де, сатушы міндетті түрде фискалды чек беруі керек. Чек бермеу де заң бұзушылық болып саналады.
Мамандардың айтуынша, кей кәсіпкерлердің тек қолма-қол ақша талап етуі табысты жасыру және салық жүктемесін азайту әрекетімен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдай көбіне шағын дәмхана, дүкен, сұлулық салоны және көше саудасында кездеседі.
Егер сатушы карта немесе QR арқылы төлем қабылдаудан бас тартса, тұрғындар eOtinish сервисі арқылы немесе мемлекеттік кірістер органдарына тікелей шағымдана алады. Шағымға фото, видео, чек немесе куәгерлердің түсініктемесін қоса тіркеген дұрыс.
Әскери қызметшілерге берілетін ақшалай өтемақы тәртібі нақтыланды. Құжатта ақшалай өтемақы ұғымына нақты түсінік берілген. Ол әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамада көзделген жағдайда берілетін біржолғы тұрғын үй төлемі ретінде қаралады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







