Шахмұрат Муталипке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясының облигациялары Astana International Exchange биржасының листингіне енгізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
AIX хабарламасына сәйкес, бағалы қағаздармен сауда 2026 жылғы 20 мамырда басталады. Бір облигацияның номиналды құны 1 мың долларды құрайды. Купондық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 8 пайыз болып белгіленген. Купон төлемі облигация өтелген кезде жүргізіледі. Жалпы шығарылым көлемі 1,2 млрд долларды құрайды.
Листинг 18 мамырда өтті. Эмитент ретінде Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы көрсетілген. Forbes Kazakhstan дерегінше, компанияның иесі Шахмұрат Муталип.
35 жастағы қазақстандық кәсіпкер 2026 жылғы мамырда алғаш рет Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша елдің ең бай адамдары тізіміне кірді. Ол 482 млн долларлық дәулетімен 22-орынға орналасқан. Forbes мәліметінде Муталиптің Integra Construction KZ ірі инфрақұрылымдық құрылыс компаниясымен байланысты екені жазылған.
Integra Construction KZ теміржол және автожол құрылысы мен жөндеуіне маманданған компания ретінде белгілі. Кейінгі жылдары компания азаматтық, тұрғын үй, өнеркәсіптік құрылыс, көлік-логистика инфрақұрылымы, инженерлік желілер мен нысандар салу бағыттарын да кеңейткен. Forbes дерегінше, компанияның 2024 жылғы түсімі 418,8 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы 191,72 млрд теңгемен салыстырғанда екі еседен астам өскен.
Nature Energy Solutions облигацияларының AIX алаңына шығуы Муталип бизнесінің капитал нарығы арқылы ірі қаржы тарту кезеңіне өткенін көрсетеді. 1,2 млрд долларлық шығарылым Қазақстан нарығы үшін де елеулі оқиға саналады. Ендігі негізгі сұрақ – тартылатын қаражаттың қандай жобаларға бағытталатыны және компанияның инвесторлар алдындағы міндеттемелерді қалай орындайтыны болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







